Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

500 млн теңге: aлматылық тұрғындардың өз бизнесін дамытуға үлкен мүмкіндік берілмек

10:27, 30 сәуір 2023 201
Еліміздегі ең үлкен мегаполис Алматы қаласы ең ірі қаржы және бизнес орталығы да саналады. Оңтүстік астана шығармашылық адамдарына ғана емес, бизнес өкілдеріне де қолайлы орта құруға ыңғайлы қала саналып келеді. Шаһар табысы мен түсімі жағынан жоғары, ЖІӨ-нің, мем¬лекеттік бюджеттің, кө¬терме және бөлшек сауда операциялары¬ның айтарлықтай бөлігін қамтамасыз етеді. Бұл да кәсіпкерлеріміз үшін үлкен мүмкіндік.

Ел астанасы Арқаға ауысқанымен, Ал¬ма¬тының рөлі төмендемейтінін ел Үкіметі де осыған дейін талай рет айтқан болатын. Расында да еліміздің дамуында өз орны бар қаланың рөлі төмендеген емес. Бұл жетістікте мегаполияті басқарып отырған жергілікті басқарушы орындар мен қала әкімдігінің шахарға қатысты даму жоспары мен жасалып жатқан жұмыстарының да өз орыны бар.
Осы орайда алдағы уақытта Алматы қаласы тұрғындарының өзінің жеке бизнесін дамытуға 500 миллион теңгеден астам қаражат ала алатыны белгілі болып отыр. Миллиондаған тұрғыны бар қалада кез келген қызмет, кез келген кәсіптің өз тетігін тауып кететіні дәлелденген. Сондықтан қала тұрғындарын қолдау мақсатында қолға алынып отырған бұл шаралардың маңызы зор. Биылғы жылға 517,5 млн теңге сомасына 375 грант беру жоспары бекітіліп отырғаны белгілі болып отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кәсіпкерлікті қолдау шаралары туралы жиында Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығының директоры Сағындық Кенжебаев мәлім еткен бұл статистиканың жыл санап өсіп келе жатқанын аңғарып отырмыз. Былтыр жылдың аяғында Алматы қаласы тұрғындарымен кездескен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ең алдымен, қала экономикасын әртараптандыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажет. Алматы – еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші және көшбасшысы. Жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігі, бюджет кірісінің 25 пайыздан астамы және Қазақстанның сауда операцияларының үштен бір бөлігі осы қалаға тиесілі. Жыл басынан бері қала экономикасына 930 миллиард жеке инвестиция тартылған. Кәсіпкерлік дәйекті дамып келеді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 30 пайызға өскен» деген болатын. Президенітіміздің осы бір сеніміне лайық болу мақсатында алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғаса беретіні айтылған болатын.
Бизнес идеяларды іске асыруға арналған гранттар Президент тарапынан айтылған ұсыныстарды жүзеге асырудың бр бағыты деуге болады. Негізінен бұл гранттар әлеуметтік осал топтардың азаматтары үшін бағытталып отырғанын айта кету керек.
Халық тарапынан да бұл қолдауға ықылас ерекше болып отыр. Соның дәлелі қазіргі таңда комиссия 1059 өтінімді қарады, оның 94-і мақұлданып, 965 өтініш комиссия өкілдері тарапынан қолдауға ие болмаған. Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығының директоры Сағындық Кенжебаевтың айтуынша «400 еселенген айлық есептік көрсеткіш яғни, 1 380 000 теңге мөлшеріндегі мемлекеттік грант - жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін бастапқы капитал».
Бұл гранттар әсіресе еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малдарды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу, үй-жайларды жалға алу ақысын төлеуге бағытталып отыр. Ал тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді. Тіпті оған жұмсауға тыйым салынған. Бұл қаржыны тек кәсіпті дамытуға бағыттау мақсатында қойылып отырған талаптар. Ел экономикасының донорына айналған Алматы қаласы алдағы уақыттарда да өзінің әлеуетін күшейтіп, іскер кәсіпкерлердің де санын ұлғайта бермек.

Еркенұр Қонысбай
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар