Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"357 пайшысы 18 мың гектар жерінен айрылғалы отыр: Бапи Халық банкке қатысты мәселені көтерді

12 маусым 2024 351
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Мәжілісте "Халық банкке" қатысты мәселені көтерді,- хабарлайды Alash.kz.

Ол Қазақстан Республикасының Бас прокурорына депутаттық сауал жолдады.

"Менің депутаттық сауалыма бұдан бес жыл бұрын банкроттыққа ұшыраған адал шаруалар, яғни жердің пай үлесіне ие Солтүстік Қазақстан облысының қарапайым фермерлерінің жанайқайы арқау болып отыр. Шаруалар өздеріне тиесілі жерлеріне қатысты душар болып отырған мәселелері бойынша маған жүгінген болатын. Өтініш берушілердің мәлімдеуінше, "Алиби" агрохолдингінің басшылығы осы азаматтарға тиесілі жер учаскелерін пайшылардың рұқсатынсыз алаяқтық жолмен, олардың қолдарын қою арқылы әртүрлі қаржы институттарына, оның ішінде "Халық банк" АҚ-на кепілге қойып, несиелер алған. Ал алынған қарыздар бірден шетелге шығарылып отырған", - дейді депутат.

Бапидің сөзінше, "Халық банкі" болса қалыптасқан жағдайда өз құқығын теріс пайдаланып, пайшыларға қарсы мүлдем жосықсыз әрекеттерге барып отырған көрінеді. Ал соттың шешіміммен Халық банкінің пайдасына 4,3 млрд. теңге көлемінде қарыз өндіріледі.

"Банк тарапынан 12 шаруашылықтың берешегін өндіріп алу шаралары қолға алынады. Осылайша, 2020-2021 жылдары 5 кепіл беруші шаруашылықтың жер учаскелері электрондық сауда-саттық өткізу арқылы 2,9 млрд. теңгеге сатылады. Яғни, 12 шаруашылықтың 5 жер телімін сату арқылы холдингтің "Халық банк" АҚ алдындағы қарызының үштен екісі өтеледі.  Ал қалған жерді одан әрі сату қарызды мерзімінен бұрын өтеуге және жердің бір бөлігін кепіл берушілерге қайтаруға алып келетін еді. Алайда құны қарыз сомасынан асатын кепіл заттың бір бөлігін пайшыларға қайтарудың орнына, қарыз қалдығынан артылған жер телімін нарықтық құнынан төмен бағада коллекторға беріп жібереді дейді, Dalanews.kz.

Осылайша, аталған банктің кесірінен Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы "Новосветловка-Алиби" ЖШС-нің 357 пайшысы жапа шегіп, 18 мың гектар жерінен айрылғалы отыр. Олар үшін негізгі күнкөрісі жерінен айрылу – үлкен трагедия!" - деді депутат Бапи.

Ермұрат Бапи пайшылар өздерінің активтерін қайтару үшін банк алдындағы қарызды өтеуге де дайын екенін, сондықтан осы мәселені арнайы келісім комиссиясын құрып, пайшылармен біріге отырып барынша тез әрі әділ шешу қажет екенін мәлімдеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?