2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша Ресейге жұмыс істеу мақсатымен барған шетел азаматтарының арасындақ қазақстандықтар төртінші орынға орнықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Ресми деректерге сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы алты айында Ресей шекарасын кесіп өтіп, сапардың негізгі мақсаты ретінде еңбек етуді көрсеткен Қазақстан азаматтарының саны 122 654 адамға жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан тек Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан елдеріне ғана жол беріп отыр.
Ресейге жұмыс іздеп келгендердің көшін Өзбекстан бастап тұр. Бұл елден жарты жылда 1 178 609 адам барған. Екінші орында Тәжікстан (494 518 адам), ал үшінші орында Қырғызстан азаматтары (289 061 адам) орналасқан. Бесінші орынды 89 656 адаммен Қытай азаматтары иеленсе, одан кейінгі қатарларға Армения (88 629), Әзербайжан (62 440), Үндістан (27 419), Түрікменстан (13 428) және Түркия (8 360 адам) жайғасқан.
Айта кетейік, Ресейде шетелдіктерді жұмысқа орналастыру тәртібі азаматтыққа байланысты ерекшеленеді. Өзбекстан, Тәжікстан және Әзербайжан азаматтары үшін тиісті еңбек патентін алу міндетті болса, Қытай, Үндістан, Түрікменстан және Түркия азаматтары арнайы жұмыс визасы мен рұқсат қағазын рәсімдейді.
Ал Қазақстан, Қырғызстан және Армения азаматтары үшін мұндай патенттер мен визалар талап етілмейді. Еліміздің азаматтарына жеңілдіктердің берілуі Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүшелікпен тікелей байланысты, өйткені Одақ келісімі аясында қазақстандықтар Ресей аумағында арнайы рұқсатсыз еркін еңбек етуге толық құқылы.