Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«12 адам шабуылдап, жүрегіне 3 рет пышақ сұққан»: 20 жасар жігіттің өліміне қатысты полиция мәлімдеме жасады

15:59, 26 қазан 2026

Қызылорда қаласындағы Есетов көшесінде орналасқан дәмхананың жанында 2006 жылы туған жігіттің өліміне байланысты іс полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұл қайғылы оқиға 8 қазан күні орын алған. Марқұмның әпкесі әлеуметтік желіде жазба жариялап, інісіне шамамен 12 адам жабылып соққыға жыққанын және жүрек тұсына үш рет пышақ сұққанын мәлімдеді. Тек үш адамның ұсталғанына алаңдаған ол тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп, Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурадан істі өз бақылауына алуды сұраған еді.

Қоғамдық резонанстан кейін Қызылорда облысының Полиция департаменті қылмыстық іс бойынша арнайы ақпарат таратып, мынадай ресми мәлімдеме жасады:

«8 қазанда Қызылорда қаласының тұрғынын өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған оқиға бойынша үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды».

Сонымен қатар ведомство өкілдері оқиға орнындағы барлық бейнежазбалардың зерттелгенін және өзге де тұлғалардың бұл қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын жеткізді. Мәліметте құқық қорғау органдары оқиғаның әрбір қатысушысына құқықтық баға берілетінін ашып айтты:

«Тәркіленген барлық бейнежазбалар зерделенді. Оқиғаға өзге де тұлғалардың қатысы болуы мүмкін екендігі тексерілуде. Әрбір қатысушының рөлі мен қатысу дәрежесіне тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға берілетін болады».

Қазіргі таңда тергеу мүддесіне байланысты өзге деректер жария етілмейді. Айта кету керек, бұл аймақтағы жалғыз қайғылы жағдай емес. Бұған дейін де Қызылорданың орталық алаңында жасөспірімдер арасында бұзақылық орын алып, төбелес салдарынан бір бала қаза тапқан болатын.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар