Қазақстан Халық партиясының атынан Мәжіліске сайланған депутат Гауһар Танашева 14 қаңтар күні депутаттық өкілеттігінен айырылғаны туралы Alash.KZ сайты алғашқылардың бірі болып ақпарат берді.
Сонымен, экс депутат кім, қандай бастамаларымен ел есінде қалды?
Massaget.kz сайтының жазуынша, Гауһар Шаймерденқызы 11 баланың анасы. Көпбалалы ана елдегі демографиялық мәселелерге жиі ден қойып, былтыр маусымда қазақстандық балаларға 70 мың теңге әлеуметтік төлем төлеуді ұсынған еді.
"Неге Қазақстанда бала тууды ынталандырмасқа? Бұл болашақта көпбалалы отбасы бола алатын жастарға бағытталуы керек. Бала санына қарамастан, көпбалалы отбасы ма, көпбалалы отбасы емес пе, отбасындағы бір балаға - 70 мың берілуі керек. Бір балаңыз болса да, сізге 70 мың теңге берілсін. Өйткені сіз осы Отанға қызмет ететін, оны қорғайтын, осында жұмыс істейтін, салық төлейтін, елімізді дамытатын Қазақстан азаматын дүниеге әкелдіңіз. Сондықтан біз әрбір адамды бағалай білуіміз керек", - деген болатын ол.
Алайда сол кезде депутаттың сауалына "шығыны көп норма" деген жауап беріліп, аяқсыз қалды.
2023 жылы Гауһар Танашева "Отбасылық капитал" бағдарламасын іске асыру туралы бастама көтерген еді. Депутат елімізде 550 мың көпбалалы және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған 107 мың отбасы барын алға тартып, төртінші баласы дүниеге келген отбасыларға 2 млн 300 мың теңге беру (біржолғы төлем) туралы ұсыныс айтқан болатын.
"Демографияны көтеріп жатқан көпбалалы отбасылардың біразы кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері халық саны 20 миллионға, яғни 32 жыл ішінде 4 млн адамға ғана көбейді. Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары отбасында төртінші бала дүниеге келгенде немесе отбасыда ерекше бала болса 5 000 доллар (2 млн 300 мың теңге) мөлшерінде "Отбасылық капитал" бағдарламасын іске қосуды ұсынады", - деген еді ол.
Гауһар Танашева 2023 жылы Алматы, Шымкент, Қонаев, Талғар қалаларына барып, Жамбыл, Түркістан, Жетісу облыстарын аралап шыққан. Аталмыш аймақтардағы аудан-ауылдарды аралап, халықпен тілдесіп, бірнеше мәселелерді тізіп шыққан еді.
Депутат өңірлердегі мектептер мен ауруханаларға күрделі жөндеу қажет дегенді алға тартып, шаруаларға жайылымдық жер жетіспейтінін жариялады. Бұған қоса көпбалалы және әлеуметтік қорғалмаған отбасылар атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай жүргенін мәлімдеді. Сонымен қатар медицина саласы қызметкерлерінің жалақысының мардымсыздығына назар аударды.
"Үкімет жұмысын жоспарлы һәм жүйелі ұйымдастырса, қазіргідей кемшіліктер болмас еді. Өкінішке қарай, бізде бұлай емес. Сыбайлас жемқорлықтың салдарынан халыққа ақша жетпейді. Атқарушы билік міндетін мінсіз атқарса, көптеген мәселелер өздігінен шешілетін еді", - деген еді ол сапар барысында.
Бұдан бөлек, осы сапары барысында Жетісу облысы Шымыр ауылының М.Мәметова атындағы орта мектебінің күрделі жөндеуден өтпегенін және жергілікті атқарушы органдар жөндеу жұмысына ақша таппай отырғанын жариялаған еді.
Депутаттық қызметінен кетпес бұрын Гауһар Танашева желтоқсанның 25-і күні Мәжіліс отырысында өткір пікір айтып, соңғы сауалын жолдаған еді.
"Билігі халқын аямаған елде ілгерілеу мүмкін емес. Жұрт баласын қалай асырарын, қарызын қалай өтерін білмей, ертеңгі күннен қорқып өмір сүреді. Халықтың 80 пайыздан астамы қарызбен өмір сүреді. Мұндай жағдайда патриотизм мен даму туралы айту қиын", - деген еді ол.
Гауһар Танашева - 1974 жылы 29 қарашада дүниеге келген. 1992-1998 жж. - С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетін тәмамдаған. Содан кейін 1998-2000 жж. - С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетін кардиология факультетін оқып бітірген. 2002-2007 жж. - Халықаралық мамандықтар институтын "Экономика" мамандығымен оқып шықты. Кейін 2008 ж. - "Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты", Кардиология мамандығы бойынша біліктілігін арттырған.
Еңбек өтілі (қызметі):
2000-2002 жж. - С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, интерндерге арналған ішкі аурулар кафедрасының ассистенті;
2003-2016 жж. - Ірі фармацевтикалық компаниялардың маркетинг бөлімі (Pfizer, Gedeon Richter, Zentiva, Sanofi, Actavis)
2014-2022 жж. - "Қазақстан балалары "Жастарды дамыту Алматы қайырымдылық қоры" Қоғамдық қорының президенті
2020-2023 жж. - "Қазақстан аналарының бірлестігі" корпоративтік қорының директоры.
2023 жылдың 28 наурызынан бүгінгі күнге дейін "Қазақстан Халық партиясының" партиялық тізімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің "Қазақстан Халық партиясының" фракциясының мүшесі болды.