Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Заң жобасы дайын: Депутат хиджабтан бас тартпайтындарды елден қуу керектігін айтты

13:30, 30 маусым 2024 865

Депутат хиджабтан бас тартпайтындарды елден қуу керек деп айтты. Бұл туралы Alash.kz ұлттық порталы Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

"Хиджаб үшін елден кетем дегендер болса, кете берсін!": Мәжіліс депутаты осындай мәлімдеме жасады. Barysmedia порталы депутаттың сұхбатын жариялады.

Сұхбатта депутат елдің ұлттық құндылықтары сақталуға тиіс екенін алға тарта келе, хиджабты шешкісі келмей, "елден кетем" дегендер болса, олардың артынан бір уыс топырақ шашатынын айтты. Алды мен артына бір уыс топырақ! Кетсін. Қайда кеткісі келеді екен, ей? Лағып кетсін! Ондайларға шекараны бер жақтан ғана ашып қою керек... Жаттың сұрқия дәстүрлерін елге сіңіруге қарсымыз", – деді депутат. 

Бұл мәлімдеме халық арасында үлкен резонанс, қатаң сын туғызды. Эмоциялы пікірлерді қоспағанда, пікір білдірушілер мұсылмандық киімге тыйым салатын заң жобасына бастамашы болған депутаттың сауатсыздығына назар аудартты: "Хиджаб – сұрқия дәстүр емес".

Тарих ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы Ахмет Ярлыкаповтың айтуынша, заң жүзінде "хиджабқа" тыйым салу қиын болады.

"Еуропада мұсылман әйелдердің бас киімін хиджаб деп атайды. Бұл дұрыс емес. Өйткені хиджаб – әйелдердің шариғат нормаларына сәйкес келетін кез келген киімі. Хиджаб араб тілінен "шымылдырық" дегенді білдіреді. Мұндай киім әйел затының бүкіл тәнін, шашын жауып тұруға тиіс. Тек бет-жүзін, қолының ұшын, аяғының тобықтан төмен бөлігін ашық қалдыруына рұқсат. Тиісінше, хиджабқа шашты бүркемелейтін орамал, шәлі, ұзын жеңі бар көйлек, тобыққа дейін жететін белдемше-юбка және басқасы жатуы мүмкін. Егер Парламент хиджабқа тыйым салса, онда әйелдердің шариғат нормаларына сәйкес келетін кез келген киіміне тыйым салады деген сөз", – деген пікір білдірді ғалым.

Сарапшы "сақалдылар" ұйымдастырған терактілерден кейін Үкімет 2016 жылы Қазақстанда хиджабқа тыйым салу бастамасын көтергенін еске салды.

Бұл заңнамалық түзету "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына енгізілді. Сонда Парламент қазіргісі сияқты өзімбілемдік танытпай, сала мамандарын жұмылдырып, ақылдасқан.

Мамандар "хиджаб" деген жалпы атау екенін, оған тыйым салу Қазақстанның Ислам әлемімен қарым-қатынасының күрт бұзылуына соқтыруы мүмкін екенін ескерткен. Себебі, заң бәріне ортақ, ендеше елімізге саяхаттап немесе бизнес мақсатпен келетін, ислам ынтымақтастығы ұйымдарының саммитіне қатысатын әйелдерден шариғатқа сәйкес келетін киімдерін шешуді талап етуге тура келмек.

Ақыры Қауіпсіздік кеңесінің 2016 жылғы 10 маусымдағы отырысындағы Президенттің тапсырмасымен әзірленген аталған заңды Парламент 2016 жылғы 22 желтоқсанда қабылдады. Бірақ одан никаб, хиджаб немесе паранджа киюге тыйым салу туралы ұсыныс алып тасталды.

Сол кездегі Мәжілістің түсіндіруінше, "мұсылман елдерінде таралған киім киіске шектеу енгізу мәселесі бойынша халықаралық тәжірибені зерделеген жұмыс тобы ондай тыйымды заңнамаға енгізуді орынсыз деп таныды".

Сол заманның өзінде "жарамсыз" деп қоқысқа лақтырылған заңнамалық түзетулерді қазіргі Парламент сілкіп-сілкіп, қайтадан жұмысқа алып отыр. Кейбір сарапшы осы арқылы депутаттардың қоғамның және мемлекеттің шын мәнінде көкейкесті, күрделі проблемаларынан жұртшылық назарын аударып әкетпек деп есептейтінін жазды.

Қалай болғанда, биылғы маусым айының ортасында Мәжілістің "хиджабты қоғамдық орындарда киюге тыйым салу мүмкіндігін қарастыратыны" жарияланды.

Бұл туралы заң жобасының бір авторы мәлім етті. Оның айтуынша, діни киімдерді киюге тыйым салу мәселесі пісіп-жетілді.

"Бүгінде біз үшін ең маңызды мәселе – еліміздің ұлттық мүдделерін, ұлттық дәстүрді, ұлттық мәдениетті сақтау болып табылады. Бүгінде айналаңызға қарасаңыз, қара жамылып алған қазақтың қыз-келіншектері көбейіп барады. Бұл жайт біздің болашақ ұлттық мүдделерімізге салмақты нұқсан келтіреді", – деді ол.

Депутат тиісті заң жобасы күзде басталатын жаңа, үшінші сессияда Мәжілістің қарауына енгізілетінін хабарлады.

"Сондықтан біз, бір топ депутат, осындай заң жобасын дайындадық. Ол Парламентке күзгі сессияда ұсынылады. Меніңше, хиджаб, никаб және басқа діни киімдер туралы қоғамда қордаланған мәселелер осы заңның қабылдануымен бірге шешіледі. Сонда діни киімді кию мәселелерін біз реттей алатын шығармыз", – деді ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар