Солтүстік Қазақстанда әскерге сап-сау кеткен жас сарбаз үйіне ауру болып оралды, деп Alash.kz порталы 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық ұлан сапында борышын өтеген Даниал Ғалий командирлердің кесірінен қант диабетіне шалдығып, инсулинге тәуелді болдым деп отыр. Себебі, госпитальдағы дәрігерлер дұрыс диагноз қоя алмай, дерті асқынған екен. Ол аздай, офицерлер денсаулығым нашарлап тұрса да түнгі кезекшілікке қойып, әбден қинады деп күйінеді. 19 жастағы бозбала мен туыстарының талап-тілегін өңірдегі әріптесім Руслан Жасұланұлы тыңдап келді.
Даниал Ғали әскери борышын толық өтей алмай, жарты жыл бұрын үйіне оралған. Сол уақыттан бері жас жігіт қант диабетімен күресіп әлек. Дәрігерлерге қаралып, қыруар қаражаты дәрі-дәрмекке кетіпті. Бұл жағдайға бозбала әскерилерді кінәлап отыр.
- Төрт тәулікте бар болғаны 20-ақ сағат ұйықтадық. Үнемі күйзеліс, шаршау – осының бәрі қант диабетіне шалдығуыма әсер етті. Аяғым дірілдеп тұрса да, жағдайымды айтсам да әскерилер мән бермеді. Әскери дәрігерлер алты ай бойы диагноз қоя алмай, ауруым асқынып кетті. Сенікі тұмау деп қоймаған сол жақтағы ақ халаттылар осындай күйге түсуіме тікелей әсер кетті, - деді ол.
Инсулинге тәуелді болған жігіттің анасы қазір соттың табалдырығын тоздырып жүр. Ол сап-сау кеткен баламды Ұлттық ұланның өкілдері ауру қылды дейді. Сондықтан әскери бөлімнің басшылық моральдық шығынды толық өтеп бергенін қалайды.
Арна хабарлауынша, Даниал Ғали Ұлттық ұланның дәл осы 6637 әскери бөлімінде өз борышын өтеген. Бөлім басшылығы медициналық қызметкерлер қолдан келгеннің бәрін жасады дейді. Сондықтан жігіттің шағымы негізсіз деген пікірде.
Ақмола гарнизонының әскери соты ата-ананың талабын қанағаттандырып, моральдық шығынды 300 мың теңге деп бағалаған. Судьяның шешімі ақылға симайды деген сарбаздың туыстары апелляцияға шағым түсірмек.