Түркияның танымал туристік аймағы Каппадокияда ерекше жартас құрылымының бір бөлігі құлап, үш адам мерт болды. Тағы бес адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп жазады Alash.kz.
Қайғылы оқиға 29 қазанда Невшехир провинциясындағы Гөреме елді мекенінде, ашық аспан астындағы мұражайдың кіреберісіне жақын жерде болған.
Түркиялық БАҚ-тың хабарлауынша, «пері мұржасы» (peri bacası) деп аталатын табиғи жартас түзілісінен ірі тас бөлшектері үзіліп, маңайда жүрген адамдардың үстіне құлаған. Оқиға туралы хабар түскен соң, апат орнына полиция, жандармерия, төтенше жағдайлар қызметі, медицина мамандары мен құтқарушылар жіберілген.
Невшехир провинциясының губернаторы Хюсейн Көк соңғы күндері жауған нөсер жауын салдарынан жер көшкіні болып, соның әсерінен жартас опырылғанын мәлімдеді. Алғашқы хабарларда екі адамның қаза тапқаны айтылғанымен, кейін құрбандар саны үшке жеткені нақтыланды. Қаза болғандардың екеуі Түркия азаматтары екені хабарланды.
Оқиға кезінде зардап шеккен бес адам медициналық мекемелерге жеткізілген. Түркияның Денсаулық сақтау министрі Кемал Мемишоғлуның мәліметінше, жараланғандардың жалпы жағдайы жақсы, олар ауруханаларда ем қабылдап жатыр.
Оқиғаға байланысты тергеу басталды
Түркияның әділет министрі Акын Гюрлек Невшехир прокуратурасы оқиғаға қатысты қылмыстық тергеу бастағанын хабарлады. Тергеу аясында бір прокурордың орынбасары мен екі прокурор жұмысқа тартылған. Мамандар жартас опырылуының нақты себептерін анықтап, оқиғаға байланысты мән-жайларды тексеріп жатыр.