Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Су қоймаларын сала беруді жөн деп санамаймын" - сарапшы

11:19, 22 сәуір 2024 474

Тасқын судың екінші толқыны ауыр болады дегелі біраз күн болды. Қазірдің өзінде Ресейден мол су келіп жатыр. Бұл ағын қашанға дейін жалғасады? Шарықтау шегіне қашан жетеді? Massaget.kz сайтына сілтеме беріп alash.kz сайты сарапшылардың пікірін берді.

"Елімізде су тасқыны климаттық белдеулерге сәйкес, әр өңірде әртүрлі көрініс тауып жатыр. Қазіргі таңда ғалымдар Жайық өзенінің шарықтау шегін күтіп отыр. Өзен деңгейі күніне 28 сантиметр көтерілді. Мамандардың болжауынша, су тасқыны шақытау шегіне 27-28 сәуірде жетеді. Ал, сол екі аралықта су ағыны болады. Есіл өзенінің су басу кезеңдері өтіп кетті, бірақ елімізде одан басқа ірілі-ұсақ өзендер бар. Олардың кейбірі сәуірдің аяғына қарай тасуы мүмкін", - деді Метеорология және гидрология кандидаты Айнұр Мусина.

Мусина су тасқыны кезінде су қоймаларын қалай пайдалану керегін айтты.

"Су қоймасының міндеттерінің бірі - ағынды реттеу. Онда артық суды ұстап, сақтауға болады. Өзен суын көктемгі уақытта молайғанда жинап, азайғанда толтырып отырады. Алайда мен артық су аламыз деп су қоймаларын да сала беруді жөн деп санамаймын. Себебі су қойманың өзі де қосымша қауіп көзі. Оны салған соң онда тек су емес, лай, балшық жиналады. Қоймада көп жұмыс жасалып, кешенді қарау керек. Салатын болсақ, ол жерді өте тыңғылықты зерттеп, ғалымдарға тапсырған жөн", - деді сарапшы.

Ғалым жиналған суды қалай жұмсауға болатынын атап өтті. Айтуынша, қар суын Арал мен Каспийге жеткізу мүмкін емес.

"Өткен ғасырда Сібір өзенін Орта Азияға бұру туралы жобалар болған. Суды Арал мен Каспий арқылы әрі қарай Өзбекстанға жеткізуге тырысқан. Қазіргі жиналған суды Каспий мен Аралға жіберу дұрыс шешім деп ойламаймын. Өйткені бізде суды теңізге жіберетін арнайы каналдар болуға тиіс. Қазір ондай каналымыз жоқ, салғанның өзінде көп күш пен қаражат кететін жұмыс. Жиналған суды мал және өсімдік шаруашылығына пайдаланған жөн. Екіншіден, Каспий мен Арал теңізі мұхит деңгейінен биік ойпат жерде орналасқан. Сондықтан суды ол жаққа айдау мүмкін емес десек те болады", - деді Мусина.

Геология және минерология ғылымдарының кандидаты Медетхан Заппаров көктемде судың көп болатыны ресейліктер үшін де тосын болғанын айтады.

"Көрші ел су қоймалары биыл көп суға толатынын күтпеді. Олар суды көп жинап алуға тырысты. Кейін су қоймалары жеткілікті деңгейге толды, яғни 80 пайызға жеткен соң оны ашып жіберуге мәжбүр болды. Биыл көктемде жаңбыр да жоғары деңгейде түсті. Ресейде еріген қар сулары енді ғана Қазақстанға кірді. Су ағыны шарықтау шегіне жету үшін кемі 9-10 күндей уақыт қажет. Өйткені Ресей мен Қазақстанда да қар толығымен еріп бітті. Меніңше енді халықты айдың басындағыдай топан су күтпейді", - деді Заппаров.

Ғалымның пайымдауынша, әлемде жауын-шашын көбейе түседі.

"Болжам бойынша. су тасқынының 100 жылда бір рет қайталанып отыратын кезеңі бар. Биыл сондай мол су тасқыны болып жатыр. Келесі жылы мұндай көп судың келетініне ешкім кепіл емес, сондықтан суды барынша жинап алуға тиіспіз. Өйткені бүкіл әлемде температура көтеріліп жатыр. Жылу көтерілген соң булану процесі көп жүреді кейін ауадағы ылғалдық жауын-шашынның көп болуына әкеледі. Мәселен, Араб елдерінің көбінде бұрын жаңбыр аз жауатын, ал қазір керек болса, бұршақ та жауып жатыр. Ғалымдар жер бетінің 2℃ жылып кеткенін айтып жүр. Әлемде булану көп болып жатыр", - деді  Медетхан Заппаров.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар