Қарағанды қаласында сот өзіне пышақпен тап берген ер адамнан қорғанып, оның өліміне себепкер болған әйелге қатысты шешім шығарды, деп жазады Alash.kz ORDA.kz порталына сілтеме жасап.
Жәбірленуші тараптың азаматтық талап арызы негізінде, сот Ирина есімді азаматшаны марқұмның туыстарына 4 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттеді. Бұл оқиға ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық қысым мен қауіпті жағдайдағы өзін-өзі қорғау әрекетінен кейін орын алып отыр.
Оқиғаның мән-жайына сәйкес, Ирина есімді әйел алты ай бойы қатаң психологиялық және физикалық қысым астында өмір сүрген. Ер адам оны үнемі аңдып, соққыға жығып, тіпті үйіне қамап ұстаған. Полиция тарапынан екі мәрте жақындауға тыйым салынғанына қарамастан, қаңтар айындағы соңғы кездесу қайғылы жағдаймен аяқталды. Пәтер ішіндегі жанжал кезінде бойы едәуір ұзын ер адам әйелге пышақ сілтеп, оның алақанын тесіп өткен. Ирина сол сәтте жарақат алған қолымен қаруды тартып алып, қарсы соққы жасаған, нәтижесінде ер адам келесі күні ауруханада көз жұмды.
Сот процесі барысында бастапқыда ауыр айып тағылғанымен, адвокаттың күш салуымен іс «өзін-өзі қорғау шегінен шығу» бабына ауыстырылып, кейіннен рақымшылыққа байланысты тоқтатылған еді. Алайда марқұмның қарындасы азаматтық тәртіппен сотқа жүгініп, бауырының қазасы үшін материалдық және моральдық шығын талап етті. Қарағандының №2 Қазыбек би соты бұл талапты ішінара қанағаттандырып, Иринадан жерлеу шығындары мен ас беруге жұмсалған 1 миллион теңгеден астам қаражатты және 3 миллион теңге моральдық зиян өтемақысын өндіруді ұйғарды.
Сот шешіміне қатысты Ирина өз ойын төмендегідей жеткізді:
«Материалдық шығынды әлі де түсінуге болады. Бірақ моральдық зиянды қалай түсінемін? Менің тірі қалғаным үшін бе? Егер мен сол сәтте қолымды тоспағанымда, ол мені өлтіріп тастаған болар еді. Ол кезде ол түрмеде отырар еді, ал менің балаларым ешқандай өтемақы алмас еді».
Қазіргі таңда сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Өзін-өзі қорғаған әйел мен оның қорғаушысы бұл үкіммен келіспейтіндерін және жақын арада апелляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеп отыр.