Украина мен Ресей өкілдері 10–11 қараша күндері Абу-Дабиде АҚШ-тың араағайындығымен жұмыс деңгейіндегі келіссөздер өткізеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф X әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.
«Америка Құрама Штаттары 10-11 қарашада Абу-Дабиде өтетін Украина мен Ресей арасындағы жұмыс деңгейіндегі келіссөздерге араағайындық етеді. Бұл – президент Дональд Трамптың соғысты тоқтатуға бағытталған миссиясының жалғасы», – деп жазды ол.
Уиткоффтың айтуынша, келіссөздер барысында соғыстан кейінгі қауіпсіздік шаралары, шиеленісті бәсеңдету, гуманитарлық бастамалар және бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы келесі қадамдар талқыланады.
Сондай-ақ ол алдағы күндері АҚШ өкілдері Брюссельде Франция, Германия, Ұлыбритания, Еуропалық одақ және НАТО өкілдерімен кездесетінін хабарлады.
Кездесу барысында Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктері, соғыстан кейінгі Еуропаның қауіпсіздік жүйесі және Украинаны қалпына келтіруге бағытталған экономикалық мүмкіндіктер қарастырылады.
«Біз Киев, Осло және Санкт-Петербургте қол жеткізілген ілгерілеуді одан әрі дамытып, болашақ ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жан-жақты әрі ұзақ мерзімді бейбіт келісімге жақындай түсеміз деп үміттенеміз», – деді Стивен Уиткофф.