Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінде өткен әскери оқу-жаттығу кезінде орын алған трагедиядан аман қалған үш сарбаздың бірі, мерзімді әскери қызметін аяқтап Оралға оралған Никита Удалов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға 24 қыркүйекте жоспарлы оқу-жаттығу жиындары кезінде орын алған болатын. Кенеттен көтерілген дауыл салдарынан әскери қызметшілер тобы ашық теңізге ығысып кетіп, салдарынан 14 сарбаз қаза тапты. Төтенше жағдай кезінде дер кезінде бағдар бағдарлап, жағаға өзі жүзіп шыққан Никита Удалов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған еді.
Әскери борышын аяқтап, марапаттау салтанатынан кейін елге оралған сарбаз қиын сәтте қолдау білдірген барша жақындарына алғысын айтып, марқұм болған қаруластарының отбасына қайғырып көңіл айтты. Никита Удалов өз жазбасындағы төл сөзінде былай деп жазды:
«Барлық туған-туыстарыма, жақындарыма және достарыма қолдаулары, жылы сөздері мен бейжай қарамағандары үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Қиын сәтте жанымнан табылған әрбір жанға рақмет. Ақтауда қайтыс болғандардың отбасыларына терең қайғырып көңіл айтамын. Қайғыларыңыз бен ауыртпалықтарыңызға ортақтасамын. Жақындарына бұл орны толмас қазаны көтеруге күш-жігер мен төзімділік тілеймін. Қайтыс болғандардың жарқын бейнесі мәңгі есімізде сақталады», — деді.
Еске сала кетейік, аталған қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан бойынша 25 қыркүйек Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған еді. Қазiргі таңда аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғау органдары тарапынан тергеу амалдары жүргізілуде.