Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жалақыларына үстемеақы төленеді»: Балалар бапкерлері үшін қуанышты жаңалық шықты

18:04, 02 қараша 2026

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту және бапкерлердің еңбегін ынталандыру мақсатында ауқымды мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.

Мемлекет басшысы 2026 жылдың басында қол қойған туристік саланы және балалар спортын қолдауға бағытталған арнайы Заң аясында сала мамандарының еңбекақысын көбейту қарастырылған. Құжатқа сәйкес, ұлттық даярлық стандарттары бойынша жаттығу өткізетін және арнайы біліктілік тестілеуінен сәтті өткен жаттықтырушы-оқытушыларға лауазымдық жалақысының 30 пайызы көлемінде үстемеақы төленеді.

Бұл мақсатта 2026-2028 жылдарға арналған бюджеттен жалпы көлемі 74 миллиард теңге қарастырылған. Бөлінген қаржының 1,8 миллиард теңгесі тікелей жаттықтырушылардың үстемеақысына бағытталса, қалған қаражат балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің (БЖСМ) материалдық-техникалық базасын жаңартуға, спортшыларды киім-кешекпен, фармакологиялық препараттармен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға жұмсалады. Сонымен қатар, Заң аясында бұл спорт мектептері жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесіне көшірілуде.

Бүгінгі таңда Республикалық дене шынықтыру және спорт бойынша оқу-әдістемелік және талдау орталығының ұйымдастыруымен бапкерлердің 30 пайыздан астамы жыл сайын біліктілік тестінен өтіп келеді. Жыл басынан бері өңірлердегі 5 863 жаттықтырушы біліктілікті арттыру курстарын аяқтады.

Жалпы алғанда, елімізде 5 жастан бастап балаларды қабылдайтын 526 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Бұл мекемелерде еңбек ететін 15 мыңнан астам жаттықтырушы-оқытушының жетекшілігімен 398 342 бала спортпен шұғылдануда. Қабылданған заңнамалық түзетулер жаттықтырушы мамандығының беделін арттырып, салада тәжірибелі мамандарды сақтап қалуға және болашақ чемпиондарды даярлауға мүмкіндік береді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар