Қазақстандық әйел қан қысымын түсіру үшін куркума қосылған сірке суын ішіп, ауыр жағдайда ауруханаға түсті, - деп хабарлайды Alash.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға Шымкентте болған. Бұл туралы №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позилов айтып берді.
"53 жастағы әйел қан қысымын төмендету үшін интернеттегі кеңестерді қарап, алма сірке суы мен куркуманы араластырып ішкен. Соның салдарынан ол анафилактикалық шокқа түсіп, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Диагнозы: Лайелл синдромы - аллергиялық буллезді дерматиттің ең ауыр түрі", - деді дәрігер.
Дәрігердің айтуынша, науқас екі күн бойы өте ауыр жағдайда болған. Дәрігерлердің күшімен әйелдің өмірін сақтап қалу мүмкін болды.
"Халық арасындағы емдеу әдістері кейде тиімсіз ғана емес, денсаулығыңызға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Сақ болыңыздар, бұл пациенттің аман қалғаны - үлкен сәттілік", - деп жазды Позилов