Шекарада 14 күн тегін тамақ ішкен депутаттар Күдебаев қашқан жолды көрмепті. Бүгін мәжілістің 4 депутатының «әскердегі күндері» аяқталды.
Осыдан екі апта бұрын мәжіліс депутаттары – Максим Рожин, Олжас Құспеков, Болат Керімбек, Самат Нұртаза Қазақ-Қырғыз, Қазақ-Қытай шекарасындағы ахуалды көздерімен көру үшін және ондағы әскерилердің не ішіп жатқандарын жанында жүріп білу үшін шекараны аралауды бастаған болатын.
Бұл депутаттар шекара бекеттеріне бара салысымен өздерінің Facebook, Instagram парақшаларына әскери киім киіп, қолдарына автомат ұстаған фотоларын жаппай жариялады. Шекараны шарлап жүргендерін жазды. Бірде отын жарып жүрді, бірде тау басында фото-видеоға түсіп жарысты. Әйтеуір 14 күн бойы армансыз тегін тамақ ішкенін айтты. Яғни, әскердегі әр тамақ есептеулі екенін ескерсек, төрт депутат төрт сарбазды 14 күнге аш қалдырған.
Malim.kz тілшісі Максим Рожин мен Самат Нұртазаға хабарласып, шекарадағы жай-күй қалай екенін және Қаңтар ісі бойынша 10 жылға сотталған Алматы облысының полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың қашқан жерін (Қазақ-Қырғыз шекарасы – ред.) көрдіңіздер ме деп сұрапты.
Қазақ-Қырғыз шекарасын аралаған мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Серік Күдебаевтың қашқан жері турасында сұрау ойына келмегенін айтты.
-Осы мәселе ойыма келмепті. Сұраған жоқпыз. Сіз айтқаннан кейін ғана есіме түсіп отыр. Мен тек қару-жарақ, жабдықтар, киім-кешек жағын ғана зерттедім. Жігіттерде солай істеді,-деді Самат Нұртаза.
Айтпақшы, бұрынғы шендінің шекараны заңсыз кесіп өткені үшін Қазақстан жағынан шекарашылар жауапқа тартылған да емес.
Депутат Самат Нұртаза шекарадағы жағдайға «жаман емес» деп баға берді. Бірақ, «жаман емес» болса, шекарадан С.Күдебаев қалай қашты дегенге бас қатырмаған.
«Қазақстанның шекарасы 15 мың шақырым. Біз тек қана Қазақ-Қырғыз шекарасына бардық. Сондықтан мен осы шекара турасында ғана айта алам. Бұл жерде жағдай жаман емес. Заставаларды көріп шықтық. Тамағын жақсарту керек деп есептеймін. Жабдықтар ескірген. 50 жыл болған автоматтарды көрдім,-дейді.

Самат Нұртаза Facebook парақшасындағы тағы бір жазбасында сарбаздармен бірге таңғы ас ішкенін айтып, «бәрі жақсы» деп фото жүктеген. Фотода таңғы асқа берілген тамақтар түсірілген. Онда нан, жұмыртқа, пияз, май және бес түйір печение бар.

Максим Рожин шекарада мәселе көп екенін айтты. Бірақ нақты қандай мәселе бар екенін нақтылап айта алмады.
-Бір-екі минутта мен сізге барлық мәселені айтып бере алмаймын. Оған уақыт керек. Мына жерде байланыс нашар, уақыт та жоқ,-деді.
Ол тілшінің «шекарада тамақты кімнің есебінен ішіп жатырсыздар?» деген сауалына «Біз өзіміздің қаржымыздан тамақ ішсек, онда әскерилерге беріліп жатырған тамақтың сапасын қалай біле аламыз? Сапасы бұдан жақсырақ болса деген ниет бар. Өйткені, қазір жеп отырған тамақтары бір жерде көңіл көншітерлік, бір жерде сұрақтар туады. Біз жай ғана прогулка үшін келген жоқпыз,-деп жауап қатты.
Назарбаев бір тауды Қытайға бере салған

Бұл жазбаға жауап қатқан депутат Болат Керімбек «шекара бір тау ары болғанын, аталған жер СССР мен Қытай арасында даулы аймақ болғанын, кейін шекара қайта қаралғанда шамалы өзгерістер енгізілгенін, қазір барлығы заңмен шегенделгенін» айтады.
Яғни, депутаттың жазғанына сенсек, бір облыстың ірі қарасына жайлау болған, Сарышелді өзенінің арғы жағындағы бір тауды Нұрсұлтан Назарбаев шекараға қол қойған шағында Қытайға бере салған болып тұр.