Желіде Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы полиция департаменттеріне қатысты қызық ақпарат тарады.
Оның бірінде, Қарағанды облысындағы жоғары шенді полицей қоластындағы қызметкерлерінен 440-баптар бойынша құқық бұзушылықтарды анықтауды күшейтуді талап еткені айтылған.
Ал Жамбыл облысындағы полицей азаматтарға ескертпей, айыппұл салу туралы бұйрықты жеткізгенін айтады, деп жазады Alash.KZ.
Ulysmedia.kz екі өңірдің полиция департаментінен бұл жайтқа қатысты пікірін білген.
Желідегі аудиода жоғары шенді полицейдің қоластындағыларға айтқан бұйрығы тарап кеткен.
Бүгін әр учаскеде, әр көмекшіден нақты нәтиже болуы керек. Нәтиже болмаса жұмысқа кешкі тоғызда шақырып, анық-қанығын анықтап отырамыз. Одан кейін күн сайын бәрін анықтап отырамыз. Егер жұмыс істей алмасаңыздар оны да шешеміз. Түсінікті ме? Байланысқа шығамыз, әріптестер!, - делінген аудиода.
Бұл аудиоға қатысты Қарағанды облысының Полиция департаменті жауап берді. Олар аудиодағы адам жергілікті полиция қызметі басшысы Еркін Төлеубеков екенін растады.
Біз әлеуметтік желілерде таралған, Абай ауданы полиция бөлімінің Топар полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі басшысы Еркін Төлеубековтың дауысы жазылған аудиожазбаны зерттедік. Жазбада ол қол астындағы қызметкерлеріне көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде жүргендерді анықтау қажеттігін түсіндіреді (ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы). Бұл — масаң күйдегі адамдардың аязда үсіп қалуы мен қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қажет шара.
Сондай-ақ, ПД жазбада аталған баптар бойынша азаматтарды жаппай айыппұлға тарту туралы айтылмағанын атап өтті.
Телеграмда тараған тағы бір аудио – Жамбыл облысында ЖПҚ басшысының даулы жазбасы. Онда ол азаматтарға тек айыппұл жазып, ескерту жасамау туралы бұйрықты жеткізгенін айтады. Аудиожазбада бұл бұйрықты облыстық полиция департаментінің басшысы бергені айтылған.
"Әй жігіттер, ескерту жазбайсыңдар, штрап жазасыңдар. Қазір начальник ДВД-дан Бәкең шықты. Сол бойынша именно. Сол бойынша шу боп жатыр дейді. Байзақта 60%-тің бәрі ескерту дейді". Аудиодағы жазбаның мәтіні қысқасы осындай.
БАҚ бұл жағдайға қатысты Жамбыл облысының Полиция департаментіне сұрау салған. Алайда ПД өкілдері әзірге бұл жайтты жауапсыз қалдырған.