2025 жылғы 21 қыркүйекте Астана уақыты бойынша сағат 16:25-те Төтенше жағдайлар министрлігінің сейсмикалық станциялары Алматы қаласы маңында жер сілкінісін анықтады, деп хабарлайды Аlash.kz.
Мәліметке сүйенсек, дүмпу ошағы Алматыдан шамамен 9 шақырым оңтүстік-батыс бағытта орналасқан. Жер сілкінісінің энергетикалық класы – 7.2, ал магнитудасы – 3.8 деп бағаланған.
Дегенмен, Алматы тұрғындары дүмпуді сезінбеген. Қазіргі уақытта қалада да, жақын аумақтарда да зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түскен жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Сейсмологтардың айтуынша, мұндай төмен магнитудадағы жер сілкіністері көбіне адамдарға байқалмайды, бірақ олар өңірдің сейсмикалық белсенділігін көрсетеді. Алматы және оның маңайы жер бедерінің ерекшеліктеріне байланысты сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Сондықтан мамандар тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтап, төтенше жағдай болғанда әрекет ету жоспарын білуге шақырады.