Тәжікстан билігі сақал мен хиджабқа тыйым салынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Тәжікстанның Дін істері, ұлттық дәстүрлер, салтанатты рәсімдер мен әдет-ғұрыптарды реттеу комитеті елде сақал қою мен хиджаб киюге заң жүзінде тыйым салынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Комитеттің мәліметінше, әлеуметтік желілер мен кейбір шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында тараған «сақал қойғаны үшін айыппұл салынады» немесе «қырынғаннан кейін билікке фотодәлел жіберу талап етіледі» деген хабарламалар шындыққа сәйкес келмейді.
Ведомство өкілдері азаматтардың діни құқықтары мен ар-ождан бостандығы қолданыстағы заңнама аясында қамтамасыз етілетінін атап өтті. Сондай-ақ мұндай ақпараттардың сенімсіз дереккөздерге немесе ескі материалдардың қайта жариялануына негізделгенін мәлімдеді.
Комитет өкілінің айтуынша, Тәжікстандағы діни еркіндіктің нақты жағдайы кейбір шетелдік БАҚ пен ұйымдар сипаттап жүргендей емес.
Сонымен қатар бұған дейін ел заңнамасына «ұлттық мәдениетке жат киімдерді» киюге тыйым салатын түзетулер енгізілгені белгілі. Алайда заңда бұл ұғымға нақты анықтама берілмеген және қандай да бір нақты айыппұл мөлшері көрсетілмеген.