Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қасым-Жомарт Тоқаев: Биыл Астанада Жасанды интеллект университеті ашылады

20:39, 29 шілде 2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің ашылу рәсіміне қатысып, сөз сөйледі, деп жазады Alash.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.

«Біз осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладық. Осылайша, цифрлық болашаққа нық сеніммен аяқ бастық. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған аса маңызды стратегиялық мақсат.

Осы міндетті біз бәріміз біртұтас қоғам ретінде табысты іске асыруымыз қажет. Сондықтан қазір елімізде жаңа заманға қажетті мамандар даярлау ісі тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстанда AI-Sana мемлекеттік бағдарламасы арқылы қазірдің өзінде жүздеген мың азамат тиісті құзыреттер мен дағдыларды меңгерді.

Биыл күзде Астанада Жасанды интеллект университеті ашылады. Елімізде нейрожелінің көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі өтеді.

Сондай-ақ келесі жылы елордамызда Халықаралық киберспорт федерациясының қолдауымен әлемдік дода ұйымдастырылады. Бұл – Қазақстанда іске асып жатқан ауқымды бастамалардың бір бөлігі ғана»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент халықаралық турнирдің бейбітшілік пен ынтымақты нығайтудағы рөліне тоқталды.

«Бүгін елордамызда, шын мәнінде, ерекше іс-шара өтіп жатыр. Бұл – спорт пен интеллектінің үйлесімі, сонымен қатар күш-қайрат пен зияткерлік әлеуеттің бәсекесі. Олар арасында қарама-қайшылығы жоқ, керісінше бір-бірін толықтыратын ұғымдар екеніне көзіміз жетіп отыр. Алдағы сайыстардың түпкі философиялық мәні де – осында.

Осынау жаһандық ауқымдағы ойындар барша адамзаттың жарасымды әрі бейбіт болашағын айшықтайды. Қазақстан қашанда халықаралық қауымдастықпен бірге бейбітшілікті, қауіпсіздікті, әділеттілік пен дамуды қолдай береді»,- деді Мемлекет басшысы.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар