Алматыда II топтағы мүгедектігі бар 26 жастағы бойжеткеннің анасы қызын бейтаныс азамат пәтерге алдап апарып, бір тәулік бойы еркінен тыс ұстап, зорлық-зомбылық көрсеткенін айтып, кінәлінің жазалануын талап етуде, деп хабарлайды Alash.kz.
Жәбірленушінің анасы екі жасынан бері мүгедектігі бар қызының онлайн ойын арқылы танысқан жігітпен кездесуге барғанын жеткізді. Күдікті Шымкенттен Алматыға арнайы келіп, пәтер жалдап, бойжеткенді «киноға барамыз» деген сөзбен шақырып алған.
Жәбірленуші қыз өз сөзінде былай деді:
«Қолымнан ұстай бастады. «Тиіспе» дедім, бірақ ол мені тыңдамады. «Мені үйіме жіберші» дедім, жіберген жоқ. Телефонымды өшіріп тастады. Мені үш рет шешіндіріп, үш рет қинады. Қабырғаны ұрдым, ешкім естіген жоқ. Айқайладым, ешкім естімеді. Қатты жыладым».
Ертеңіне анасы қызының денесі көгеріп, асты қансырап келгенін көріп, бірден полицияға арызданған. Кейін дәрігерлер бойжеткеннің жыныс мүшесінде екі сантиметрге дейін жететін жыртық барын анықтап, шұғыл ота жасаған. Алайда бұған дейін жүргізілген сот-медициналық сараптамада бұл жарақат тіркелмегені белгілі болды.
Жәбірленушінің анасы өз күйінішін былай білдірді:
«Қыздың жағдайын айтып жеткізе алмаймын. Үстінің бәрі көгерген. Әбіржіп кеткен, бір тәуліктің ішінде. Сол жерде қызды бір тәулік ұстап, ойына келгенін істеген. Менің қызымның дәрменсіз жағдайын пайдаланған. Денсаулығының жоқтығын пайдаланған. Бір емес, үш дәрігер көріп отырып, қызымның жыныс мүшесіндегі кесілген жерді көрмеген. Меңгеруші де көріп отыр. Соны бізге сараптамада көрсетпеген».
Ата-ананың айтуынша, тәртіп сақшылары күдіктіні ұстағанымен, көп ұзамай босатып жіберген. Артынша іс «өзара келісіммен болған» деген уәжбен сотқа жетпей жабылған.
Мамандар бұл шешімнің заңсыз екенін айтады. Заңгер Ғабит Өмірбек бұл жайтқа қатысты өз пікірін білдірді:
«Егер қыздың мүгедектігі болса, онда келісіммен болды деген — заңсыз. Өйткені қыздың іс-әрекетіне арнайы психологиялық сараптама тағайындалуы керек еді. Қыздың шынымен де ауытқуы бар ма, жоқ па? Қыздың ауытқуы болса, оның айтып жатқан сөздері шындыққа жанаса ма, жанаспай ма? Бұл жерде ең басты құжат — қыздың шынымен де мүгедектік құжаты. Сол құжат негізінде қылмыстық істі бұзып, әрі қарай терең зерттеуге болады».
Ал полиция департаменті үш айдан астам уақыт бойы тиісті тергеу шаралары жүргізілгенін айтып отыр. Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек жағдайды былайша түсіндірді:
«Полиция қызметкерлері қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген барлық тергеу амалын, барлық сараптама зерттеуін өткізіп, нәтижесінде қылмыс құрамының жоқ екені анықталып, қылмыстық іс өндірісі тоқтатылды. Қабылданған шешіммен аудан прокуратурасы оны толық заңды деп танып, келісті».
Полиция мен прокуратураның шешімімен келіспеген жәбірленуші тарап қылмыстық істі қайта қозғау және кінәліні жауапқа тарту мақсатында жоғарғы прокуратура органдарына шағымданбақ.