Шымкентте №11 мектептің 17 жастағы түлегі жұмбақ жағдайда көз жұмды. Қыз баланың денесі өз үйінен табылған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол өз-өзіне қол салуы мүмкін. Қазір бұл қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл туралы былай деп мәлімдеді:
«Қазіргі таңда оқиғаның барлық жай-жапсарын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу жан-жақты әрі объективті түрде жүргізілуде. Барлық ықтимал нұсқалар қаралуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу деректері жария етілмейді», - деді ведомство өкілдері.
Бейресми ақпаратқа сүйенсек, марқұм қыз мектепте қысымға ұшыраған болуы мүмкін. Әкімдік өкілдері тұрмыстық қиындықтардың да оның осындай қадамға баруына ықпал етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Белгілі болғандай, өткен жылы осы мезгілде оның ағасы да дәл осындай жағдайда көз жұмған екен.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек былай деді:
«Қыз баланың тұрмыстық жағдайы өте күрделі болған, ата-анасы өмірден өткен, ал ағасы былтыр дәл осындай жағдайда қайтыс болған. Ол әжесімен бірге тұрған. Бәлкім, оған тиісті деңгейде көңіл бөлінбеген шығар. Қазір бұл жайттар егжей-тегжейлі зерттеліп жатыр», - деді ол.
Аталған қайғылы жағдай 6 маусым күні орын алған. Осы оқиғадан кейін қала мектептеріндегі тәрбие жұмыстарына қатысты тәсілдер қайта қаралатын болды.
«Жағдай шегіне жетті. Алдымен ескерту берілді, кейін сөгіс, одан соң қатаң сөгіс берілді. Бұл мектеп басшысы үшін дабыл болуы тиіс еді. Өкінішке қарай, кейбір директорлар мұндай жағдайдан сабақ алмайды, өзгеруге де тырыспайды», - деді Сәрсен Құранбек.
Әкімдік таратқан ақпарат бойынша, мектеп оқушылары арасындағы құқық бұзушылықтардың көбейіп кетуіне байланысты бірқатар мектеп директоры жұмыстан босатылу қаупінде тұр.