Атырау облысы, Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесін аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиев қанды қылмысқа не үшін барғанын айтты, деп жазады Alash.kz.
Сұлтан Сәрсемалиевтің айтуынша, қылмысқа ұзаққа созылған отбасылық жанжал мен психологиялық қысым себеп болғанын айтты. Ол жұбайы Ақбаянның туыстары олардың отбасылық өміріне араласып, әйелін өзінен алыстатқанын айтты.
"Отбасыма араласып, әйеліммен ортамызға түсіп ажырастырды. Сонда да біз бөлінгіміз келмей бірге тұра бердік. Қайта-қайта қоқан-лоқы көрсетіп, отбасыма араласуын тоқтатқан жоқ. Әйелімді тартып алып, "саған да жоқ, әке-шешеңе де жоқ" деп балаларыммен бопсалауы осындай қылмысқа итермеледі. Ар-намысыма тиді, соңғы уақытқа дейін отбасымды толықтай сақтап қалуға әрекет жасадым", – деді Сәрсемалиев.
Оның сөзінше, ол балаларын анасынан да, әкесінен де айырғысы келмеген. Алайда жиналған жағдайлар өзін ауыр психологиялық күйге түсіргенін айтты.
«Мен балаларымды анасынан да, әкесінен де, туған әжесінен де айырғым келген жоқ. Бірақ отбасымды сақтап қалуға деген барлық әрекетім таусылды. Олардың іс-әрекеттері, сөздері мені ақылымнан алжастырып, жүйкемді жұқартып, адами болмысымды күйретіп жіберді. Сосын осындай қылмысқа бардым", – деді ол.
Сұлтан Сәрсемалиев жасаған қылмысын мойындайтынын және жасаған әрекеті үшін өлім жазасына дайын екенін мәлімдеді.
«Мен жасаған қылмысым үшін кез келген жазаға — мейлі ол өлім жазасы болсын, мейлі өмір бойына бас бостандығынан айыру болсын — дайынмын. Барлық әрекетімнің басты себебі — менің және отбасымның некемізді бұзуға бағытталған қасақана әрекеттерге жауап беруім болды», - деді сотталушы.