Отандық көліктердің 90%-ы дайын машинаны бөлшектеу арқылы шығарылып жатыр, деп жазады Alash.KZ.
Соған қарамастан, мұндай өнім мемлекеттік қолдауға ие. Бір бұрағышпен құрастырылған көлікке бюджеттен миллиардтар бөлініп жатыр. Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов осылай дейді.
«Бастапқы кезеңде мемлекет өндірістің негізін қалау үшін жеңілдетілген талаптар қойды. Тек 2 млрд теңге инвестиция, жылына – 25 мың көлік, шағын тораппен бір үлгіні құрастыру. Мұны халық арасында «бұрағыш әдіс» деп те атайды. Әрине, бастапқыда тиімді болды, бірақ қазір мұндай тәсіл жергілікті өндіріс пен технологияны дамытпайды. 2021 жылдан бастап талаптар күшейтілді. Енді кемінде 70 миллиард теңге инвестиция құйып, кем дегенде екі үлгіні шағын торапты әдіспен шығару және 2027 жылға дейін жергілікті құрам үлесін 50%-ға жеткізу міндеті қойылды», - деді мәжілісмен.
Мархабат Жайымбетов бұл талаптар барлық өндірушілерге бірдей қойылмағанын, кейбірі бұрынғы жеңілдетілген шарттармен жұмысын жалғастырып жатқанын айтты.
Депутат салада құқықтық реттеу әлсіз деп отыр.