Соңғы уақытта ақпараттық кеңістікте қазақтың ұлттық киімін мазақ етіп, қорлаған бейнежазбалардың жиі таралуы қоғамда алаңдаушылық туғызып, ел ішінде үлкен резонансқа ие болды. Ұлт мұрасын аяқасты еткендерге заң жүзінде тосқауыл қойыла ма? Ұлттық құндылықтарымызды қорғайтын арнайы заң қашан қабылданады? Осы және өзге де маңызды сауалдардың жауабын білу үшін Alash.kz ұлттық порталы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі заңгер Абзал Құспанмен сұхбаттасты.
– Абзал Темірғалиұлы, сіз бұған дейін «Мәдениет туралы» заңды қайта қарауымыз керек. Біздің ұлттық болмысымыз заңымызда көрініс тауып, төл мәдениетіміз арнайы заңмен қорғалуы тиіс» деп көптің көкейінде жүрген өте өзекті мәселені көтерген едіңіз. Қазақтың ұлттық киімін мазақ еткендердің арсыз әрекеті – тұтас ұлтты қорлау емес пе? Ұлттық құндылықтарымызды қорғайтын арнайы заң қабылдайтын уақыт жеткен жоқ па? Бұл мәселе жақын арада шешімін таба ма?
– Қолданыстағы Әкімшілік кодекске қазақ халқының ар-намысына тигендігі үшін арнайы жауапкершілік енгізу қажет деп санаймын.
Осыған байланысты тиісті өзгертулерді өз тарапымнан ұсынатын боламын. Алайда таяу арада, жақын уақытта бұл заң қабылдануы мүмкін деп айта алмаймын. Жаңа баптарға қатысты міндетті түрде Үкіметтің қорытындысы қажет. Ол үшін арнайы уәкілетті органды белгілеу керек.
Былай қарасаң бір ғана бапты енгізе салудың не қиындығы бар деп ойлаймыз. Бірақ оның тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті механизмдерді қалыптастыра алмасақ, онда мұның бәрі бос сөз, бос әңгіме болып қалады. Осыған байланысты Мәдениет министрлігіне хат жолдадым, жауап алдым. Әділет министрлігіне де хат жаздым, одан да жауап келді. Енді өз ұсынысымды беріп, Үкіметтің қорытындысын алып, осы мәселені биылғы жылы қалай да Әкімшілік кодекске енгізуге тырысатын боламын.
Өзіңіз айтпақшы, бұл мәселе жайдан-жай көтеріліп отырған жоқ. Сіз айтқан мысалдар осыған жарқын мысал бола алады. Халықаралық тәжірибеге жүгінсек, Түркия мемлекетінде, егер қателеспесем, Қылмыстық кодекстің 301-бабында түрік халқының ар-намысына тигені үшін арнайы қылмыстық жауапкершілік көзделген.
«Неге бізде Қылмыстық емес, Әкімшілік кодекс?» деп сұрайтын болсаңыздар... Еуропа елдерінің тәжірибесінде, жалпы, «Әкімшілік кодекс» деген ұғым жоқ. Бұл кодекс әлемде өте аз мемлекетте қолданылады. Соның ішінде посткеңестік елдерде ғана кең таралған. Біздің жағдайда Әкімшілік кодекс әлдеқайда тиімді. Өйткені ол ұзақ тергеуді, бірнеше айлық сараптамаларды қажет етпейді. Тікелей қолданысқа енуге мүмкіндік береді. Яғни адамның үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, бір-екі күннің ішінде жауапкершілікке тартуға болады. Ал қылмыстық іс болса, бірнеше айға созылып кетеді. Адамдар оны саясиландырып жіберуі де мүмкін.
Сондықтан Әкімшілік кодекстің басты артықшылығы – оның жылдам әрі тез әсер етуінде. Осы кодекске тиісті өзгерістер енгізу үшін өз тарапымнан жұмыстанып жатырмын.
- Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Ұлт мүддесін қорғау жолындағы еселі еңбегіңіз нәтижелі болсын!
Сұхбаттасқан Зарина ӘШІРБЕК
Alash.kz ұлттық порталы