2025 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасылар мен марапатталған аналарға мемлекеттік жәрдемақы төлемдерімен орта есеппен 851,4 мың адам қамтылып, жалпы сомасы 150,9 млрд теңге төленді, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Оның ішінде:
- көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны 609,5 мың отбасы алды, жалпы сома — 131,5 млрд теңге;
- марапатталған аналарға арналған жәрдемақыны 241,9 мың адам алды, жалпы сома — 19,4 млрд теңге. Бұл туралы Liter.kz хабарлайды.
Ағымдағы жылдың наурыз айында аталған төлемдермен 857 мың адам қамтылып, жалпы 51,1 млрд теңге төленді. Оның ішінде:
- көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны 614,8 мың отбасы алды, жалпы сома — 44,6 млрд теңге;
- марапатталған аналарға арналған жәрдемақыны 242,2 мың адам алды, жалпы сома — 6,5 млрд теңге.
«Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар, бір үйде бірге тұратын отбасылардың табысына қарамастан алуға құқығы бар», – деп мәлімдеді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
2025 жылы көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері бала санына байланысты сараланады:
4 баласы бар отбасыға – 16,03 АЕК, яғни 63 030 теңге;
- 5 баласы бар отбасыға – 20,04 АЕК, яғни 78 798 теңге;
- 6 баласы бар отбасыға – 24,05 АЕК, яғни 94 565 теңге;
- 7 баласы бар отбасыға – 28,06 АЕК, яғни 110 332 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға әр балаға – 4 АЕК, яғни 15 728 теңге.
Марапатталған анаға арналған жәрдемақы “Алтын алқа”, “Күміс алқа” алқаларымен марапатталған, бұған дейін “Батыр ана” атағын алған немесе “Ана даңқы” орденінің I және II дәрежелерімен марапатталған аналарға тағайындалады.
Бұл жәрдемақы ай сайын келесі мөлшерде төленеді:
- “Күміс алқа” иелеріне – 6,40 АЕК, яғни 25 165 теңге;
- “Алтын алқа” иелері, “Батыр ана” атағына ие болғандар, “Ана даңқы” орденінің I және II дәрежесімен марапатталғандарға – 7,40 АЕК, яғни 29 097 теңге.