Танымал журналист Дина Төлепберген өзіне қатысты маңызды деректермен бөлісті, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Ол бұл туралы инстаграм әлеуметтік желіге жүктеді.
“Иә, бойым – 1 метр 53 сантиметр. Бірақ жүрегім – XL. Камера ұстап, штативтердің арасынан өткен қазақ қыздарының жарысы болса, алтын медаль алар едім. Менің негізгі мамандығым – режиссер. Көптің алдында сөз сөйлеуді, эмоциямен жұмыс істеуді сол кезде үйрендім. Ұлым Асқарәліге тромбоцетопения диагнозы қойылғанда күндіз эфирде шындық іздеп, түнде палатада ертегі оқып отыратын ана едім. Журналистикада 20 жылдан астам тәжірибем бар. Тони Блэр, Ангела Меркель, Кофи Аннан сынды әлемдік көшбасшылардан сұхбат алған қазақ қызымын. Бір кездері “Қыз журналист болу үшін аяқ та, қол да мықты болуы керек” дегенмін, бірақ жүрек пен жүйке керек екен. Мені жасаған екі адам бар. Анам қатал тәрбиемен қайрады. Күйеуім шексіз махаббатпен өзіме сендірді. 2029 жылы Қазақстан президенттігіне кандидат боламын деп шештім. Бұл қазақ қыздары үшін”, – деп жазды журналист.