Бүгін, 11 шілдеде Ақтөбе, Алматы, Өскемен, Тараз және Шымкент қалаларынан келген он шақты адам Қазақстан президенті әкімшілігінің алдына жиналып, наразылық білдірді. Олар Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан балалары мен туыстарын ақтауды, Қаңтар оқиғасына байланысты тергеуді әділ жүргізуді талап етті.
Шымкенттегі Қаңтар оқиғасы кезінде 19 жастағы ұлы Нұрболаттан айырылған Мұрат Әбдірайым "баламды атқан құқық қорғау органдары оның бұзақылық жасағанына ешбір дәлел келтіре алмады" деп санайды.
- Баламды атып тастағанымен қоймай, оны Қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деген санатқа кіргізіп қойды. Балам Шымкенттегі наразылыққа қолында қаруы жоқ, бейбіт адам болып барды. Қылмысы болса, сөзсіз көрсетер еді. Өйткені құқық қорғау органдары болған оқиғаны камера түсіріп тұрды. Баламды күдікті деген санаттан алып тастап, ақтасын,- дейді ол.
Ол Нұр-Сұлтанға келмес бұрын жергілікті құқық қорғау органдарына қанша рет арызданса да нәтиже шығара алмағанын айтты. Бұған дейін Нұрболаттың әпкесі, Мұрат Әбдірайымның қызы Кәмила Бақжанова Нұр-Сұлтандағы АҚШ елшілігі алдында пикет өткізген.
Наразылар арасында Алматыдан төрт айлық сәбиімен келген Әйгерім Ниязбаева да бар. Күйеуі Қайрат Ниязбаев Алматыдағы Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан. Әйгерім Ниязбаева тергеудің баяу жүріп жатқанын, билік тым болмаса материалдық, моралдық шығын өтемегенін айтты.
Алматыдан келгендердің тағы бірі Шапағат Қадырова - күйеуі қаңтар оқиғасында қаза болып, үш баламен жесір қалған. Ол Алматы әкімдігінің өкілдері Нұр-Сұлтанға барып акция өткізуіне қарсы болғанын айтты.
- Нұр - Сұлтанға барсаңдар ешқандай көмек бермейміз деді. Олардың көмегі біздің Нұр-Сұлтанға барған, бармағанымызға байланысты болғаны ма? Айқай-шу шығару үшін емес, әділдік үшін келіп тұрмыз. Қазір өкімет Қаңтар оқиғасына қарапайым халықты кінәлай сөйлейтін болды. Оны доғарып, тым болмаса өлген адамдарды күдікті деп санауды қойсын,- дейді ол.
Наразылыққа жиналғандар "егер үкімет халықтың әлеуметтік жағдайын жасаса, Қаңтар оқиғасы болмас еді, халық көшеге шықпас еді" десті.
Президент әкімшілігі алдына жиналған наразыларға полиция келіп, бас прокуратураға шақырды. Алайда жиналғандар бас прокуратураға барудан бас тартып, президент әкімшілігімен сөйлестіруді немесе президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жауап беруін талап етті.
Ақыры, бүгін түстен кейін сағат 14.30-да Қазақстан президентінің көмекшісі мен бас прокуратура өкілінің қабылдауына кіруге келісім берді.
Биыл қаңтардың басында Қазақстанның бірнеше аймағында бір мезгілде жаппай наразылық пайда болып, соңы қантөгіске ұласқан еді. Қаңтардың бесіне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ескертусіз оқ атуға" бұйрық берген болатын.
Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 230 адам қаза болған. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында өлгені ресми хабарланған. Билік қаза болғандардың аты-жөні мен қандай жағдайда қаза болғаны жайлы әзірге ақпарат жариялаған жоқ.
.