Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Президенттің Жолдауы: Жоспарлар мен нәтижелер

20:01, 20 тамыз 2024 292

Алда жаңа саяси маусым басталғалы тұр, және Президент дәстүр бойынша өз Жолдауын жариялайды. Осы сәтте сарапшылар өткен жылғы Жолдауда Үкіметке берілген тапсырмалардың орындалуы туралы ойларын бөлісті. Саясаттанушы Пердехан Шәмшиев, былтырғы Жолдаудың ерекше мәнге ие екенін атап өтті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

«Үкіметке тапсырылған жобалардың басым көпшілігі үш жылға жоспарланған. Кейбір тапсырмалар ұзақ мерзімді қамтиды, мысалы, 2029 жылға дейін орындалуы тиіс. Дегенмен, бір жыл ішінде атқарылған жұмыстардың көлемі айтарлықтай үлкен. Меніңше, төмендегі негізгі өзгерістерді атап өтуге болады:

Біріншіден, энергетикалық қауіпсіздік мәселесі. АЭС құрылысын салу не салмау мәселесі қоғамда қызу талқыланды. Президент былтырғы Жолдауында бұл сұрақты референдумға қоюды ұсынды. Референдум биылғы күзде өтеді деп белгіленді, және осы уақытқа дейін көптеген өңірлерде қоғамдық талқылаулар өткізілді. Енді халық өз сөзін алдағы референдумда айтады.

Екіншіден, Үкімет құрамында жаңарулар болды. Президенттің тапсырмасы бойынша Су ресурстары және Ирригация, Көлік министрліктері құрылды. Су ресурстары министрлігінің қажеттілігін биылғы тасқын су айқын көрсетті. Президент бұл шешімді уақытында қабылдағаны көрініп тұр.

Үшіншіден, 2024 жылдың 1 шілдесінде жаңа «Мемлекеттік сатып алу» және «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңдар қабылданды. Бұл заңдарды енгізу туралы тапсырманы Президент өткен жылғы Жолдауында берген еді. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу процесі оңтайланды, бәсекелестік артты. Ал жаңа заң ғылым мен ғалымдарды қаржылай және әлеуметтік қорғауды жақсартуға бағытталды»,- деп атап өтті саясаттанушы.

Сонымен қатар, қазақстандықтар қуана қабылдаған заңдардың бірі — әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғайтын заң. Құқықтанушы Қазыбек Дәуітәлиевтің айтуынша, зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстардың 6-7 пайызы отбасында жасалады. БҰҰ-ның статистикалық мәліметтеріне сәйкес, жыл сайын 3,5 миллион адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды, оның ішінде 1,8 миллионы — әйелдер. Зорлық-зомбылықтың 90 пайызы әйелдерге қарсы бағытталған.

Мамандардың пайымдауынша, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау әділ және тұрақты қоғамды қамтамасыз етудің маңызды элементі болып табылады. Бұл міндет әлеуметтік, экономикалық және саяси өмірдің көптеген аспектілеріне әсер етеді.

Қабылданған заңды ерекше күткен азаматтардың бірі феминист Әйгерім Құсайынқызы.

«Үмітіміз ақталды деп айтуға болады. Шынымен де 15 сәуір біз үшін бөркімізді аспанға атқан, қуанған күн болды. Себебі бұл заңды біз жеті жыл күттік және асыға күткен заң болды. Бұл заң үлкен еңбекпен дүниеге келді, сондықтан осы заңды әзірлеген адамдарға алғысымды білдіргім келеді. Бұл заң бойынша не өзгерді?

Ең бірінші, жаза қатайтылды. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша, егер еркек әйелдің денсаулығына жеңіл зиян келтірсе, бұрын 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, немесе 15 күнге әкімшілік қамаққа алынып келсе, қазір бұл жаза қалай өзгерді?

Қазір ол 200 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды, яғни 738 мың 400 теңге немесе 200 сағатқа түзету жұмыстарына тарту, немесе 50 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу шаралары қарастырылған. 15 тәулік 50 тәулікпен алмастырылды. Демек, жаза үш есе қатайтылды деуге болады»,- дейді Әйгерім Құсайынқызы.

Сарапшылардың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы қыркүйектегі Жолдауы Қазақстанның болашағы мен дамуына зор ықпал жасады. Бұл Жолдауда Тоқаев еліміздің одан әрі өркендеуі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін аса маңызды басымдықтар мен стратегиялық бағыттарды анықтап көрсетті. Жолдау еліміздің келешегі үшін жаңа серпіліс әкеліп, дамудың нақты бағыттарын белгіледі.

«Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді. Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды. Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі. Енді экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстарына тоқталайын.Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет.Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек»,- деді Қазақстан президенті. 

Қазақстан өнеркәсібі жаңа серпіліс пен даму кезеңін бастан өткеруде. Ресми мәліметтерге сәйкес, қазіргі заманғы технологияларды енгізу мен өндірістік процестерді автоматтандыру арқасында өндірістің тиімділігі мен өнім сапасы айтарлықтай жақсарды. Өнеркәсіптік кәсіпорындар энергияны үнемдеу мен экологиялық өндіріс әдістерін қолдана отырып, саланың тұрақты дамуына зор үлес қосуда. Мұның нәтижесінде елдің экспорттық әлеуеті артты, бұл Қазақстанның халықаралық нарықтағы позицияларын нығайтудағы өнеркәсіптік саясаттың маңыздылығын айқын көрсетеді.

Жыл басынан бері елімізде 570 миллиард теңге көлемінде 40 жаңа жоба іске қосылып, 6,9 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. 2024 жылдың соңына дейін шамамен 1,4 триллион теңгеге 180 жаңа жоба жүзеге асырылып, 17,4 мың тұрақты жұмыс орнының ашылуы жоспарлануда, - деп хабарлады Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметі.

2024 жылдың алғашқы бес айында металлургиялық өнім өндірісі 54,2%-ға өсті. Бұл өсу ферросплавтар, өңделмеген алюминий, өңделмеген қорғасын және тазартылған мыс өндірісінің артқанымен байланысты. Қазақстан қара және түсті металдар экспорты бойынша ірі экспортшы болып табылады. Экспорттан түскен табыстар елдің сауда балансын жақсартуға және валюталық резервтердің өсуіне ықпал етуде. 2024 жылдың алғашқы төрт айында металлургия саласындағы экспорт 8,3%-ға өсіп, $4,7 миллиардқа жетті.

Металлургиялық кәсіпорындардың саны айтарлықтай артты, бұл бәсекелестікті күшейтті. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, елде қазіргі уақытта 442 металлургиялық компания жұмыс істейді, оның 26-сы ірі компаниялар. Бұл салада шамамен 85,6 мың адам еңбек етуде.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында қара металлургия саласында маңызды өзгерістер орын алды. Қара металдар ломын жинау, сақтау және қайта өңдеу қызметі үшін рұқсат беру тәртібіне көшу стратегиясы аясында жаңа заңнамалық және нормативтік актілер енгізілді. ҚР Үкіметі екінші санаттағы рұқсаттарды беру үшін жауапты органдарды анықтап, тәуекелдерді бағалау рәсімдері мен критерийлерін бекітті.

2024 жылдың қаңтар-мамыр айларында химиялық өнеркәсіпке салынған негізгі капиталдағы инвестициялар 68,4 миллиард теңгеге жетті. Инвестициялардың ұлғаюы Павлодар облысында техникалық кремний, Түркістан облысында сутек пероксиді, Атырау облысында сұйық азот өндірісі және басқа да маңызды жобалардың іске қосылуымен байланысты. Бірінші жартыжылдықта Қазақстанда 9 жаңа шағын кәсіпорын ашылды. Негізгі инвестициялар Павлодар облысында 38,2%, Жамбыл облысында 18,6%, Атырау облысында 18,4%, Түркістан облысында 10,3% және Маңғыстау облысында 7,4% шоғырланған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар