Мал өсіруші қыр қазақтарының «Сібірдің оңтүстік-батыс өңіріне қуаңшылық қаупі төнгелі тұр» деп сескене жар салғаны шілде күндерінде-ақ естіле бастаған-ды. Қазақтар үлкенді-кішілі сансыз бастықтарына «Жұт төніп келеді» деген осы қорқынышын қайта-қайта қақсауынан танбай жүр.
Сібірде егін-шөп шықпай қалуының қандай сұрапыл зардабы болатынын білген адамға бұл сескеніс-үрейді түсіну қиын емес.
«Мал - адамның бауыр еті» дейді қазақ,өйткені мал - оның күнкөріс көзі. Оның барлық мүддесі мал төңірегінде, игілікті өмірге қолын жеткізетін иен дәулеті де - осы мал байлығы. Сондықтан малын аман сақтау қазақ үшін өмірдегі (бірден-бір болмағанмен) ең басты мақсат екені де түсінікті.
Қазақтардың бір-бірімен кездескенде, дала салты бойынша «Мал-жан, бала-шағаң аман ба?» деп сәлемдесуі де осы мақсатқа әбден сәйкес. Осыған орай, қазақтарда ауа райының әртүрлі көріністерін, сәл ғана да құбылыстарын таңданарлықтай байқағыштық,сезімталдық аса дамыған.
Бұл көріністердің әрдайым қайталанатынын, бірінің орнына екіншісі дәлме-дәл дерліктей ауысып келіп отыратынын,қысқасы, кейбір заңдылығын бақыламай, білмей отыра алмады ол.
Қазақ даласына белгілі бір дәйектілікпен айналсоқтап қайта оралып отыратын ауа райының құбылысы қазақтардың жыл қайыруына да негіз болған. Бұл есеп бойынша, әр жыл атауы 12 жылда қайталайтын дәуірге бөлінген. Осыдан ең соңғы «Қоян» жылында жаз қуаңшылық, қыс аязды-боранды болып, жұтқа ұшыратқан.
Қазақтардың есептеуінше, биылғы жыл шөптің өсуіне қолайсыз болатын түрі бар. Сондықтан көптеген ауылдар қамыс, қоғажай өсімдіктерін сақтау шараларын қолдана бастаған, қысқы тебіндерін көктемде мал жайылуынан қорғап, шілдеде азды-көпті пішен қорын жинап алуға қам жасаған. Өкінішке орай, соңғы, ең тиімді шараны жүзеге асыру мүмкін болмаған: бір жағынан, ұзаққа созылған қуаңшылық көктемде қар кетісімен қылтиып шыққан көк шөпті біржола күйдіріп жіберсе, екінші жағынан, мал өсіруші қазақтың қолында пішен жинауға қажетті машина-сайманның болмағандығы оны мүлдем дәрменсіз етті. Осының салдарынан, жекелеген және ресми деректер бойынша, оңтүстік-шығыс және Сібір далаларында болмашы ғана пішен жиналып, өрістерде ешқандай жайылым шөп болмады,себебі шілдеде және күзде жаңбыр жаумады.
Келімсектер тамыздан бастап малдарын, аттарын жапа-тармағай сатып, жұмыс көліктерінің тіпті азғанасын алып қалды, ал қазақтар өздерінің арықтаған малдарын базарлар мен жәрмеңкелерге тоғытып, тегін дерліктей бағаға сатып жатты, өйткені малдарының қыста бәрібір жұтап, қырылып қалатынын өз тәжірибелерінен білетін.
Жантүршігерлік сезіммен тұйықтан шығар жол жоқтығын санасымен кәміл түсініп, қазақтар да, келімсектер де қыс қыспағына кірді. Айнала - шетсіз-шексіз байтақ дала, егін-шөп бітік шыққан жылы көз қуанатын, ал қуаңшылық жұт жылдарында - мейірімсіз қатал болатын қу медиен, бір түнде қысқы тебіндегі мыңдаған малды қырғынға ұшырататын буырқанған боран, жүздеген жануарларды сеспей қатыратын отыр градус үскірік аяз, кейде түгелге жуық төл қалдырмай, жаппай іш тастататын ылғалды қиыршық мұздақ - міне, жергілікті байырғы халық та, жаңа қоныстанған келімсек те душар болатын жалпы жағдай осындай. Бұрын ұлан-ғайыр дала кеңістігі мал өсірушілердің жүздеген, мыңдаған шақырым алыстағы өрістерге көшіп баруына мүмкіндік беретін кезде жұт соншалық қорқынышты емес еді: көшпелі мал өсіруші қазақ шөбі шүйгін жайылым танаптарын таба алатын. Қазір қыр, дала келімсектерге кесіліп берілді, ең арғысы оңдаған шақырымдай-ақ өріс шеңбері белгіленді, соның салдарынан қазақтар табиғат апатымен солғындау болса да күресудің бірден-бір шарасынан жұрдай етілді, есесіне бастықтардан түк те ала алған жоқ.
Өзін-өзі кеңінен басқаруына ырық бермей, Сібірді сіресе тұқыртса да, һүкімет қиырдағы шеткері аймақтарға қамқорлықты өз міндетіне алып отыр және әділін айту керек,бұларға миллиондаған сом халық қаржысын жұмсап келеді. Бірақ қандай қажетке жұмсалып отыр? Шеткі аймақтардағы төресымақтардың, сақшылардың, өкілдіктердің, шенеуніктердің ішіп-жеміне, сауық-сайраныына жұмсап отыр. Шеткі аймақтардағы халық үшін неғұрлым тиімді шаруашылық шараларына бір сом да жұмсалмайды, олардың тағдыры кей жерде кереметкер әулие Николайға, кей жерлерде Аллаға тапсырылған. Рас, департаменттерде шеткергі аймақтардағы шаруашылықтарды «қолдау», «көтеру» туралы, шеткергі аймақтарды «гүлденген бау-бақшаға», «Эльдорадо» («Алтын тау») еліне айналдыру туралы алуан-алуан жобалар жүздеп жазылып жатыр, бірақ бұлардың бәрі - тентек қалам ұшының ермектері ғана.
Шеткері аймақтардағы төресымақтар кей-кейде естен тандырарлық әулекі жобаларды ойлап тауып, Питердің «әумин» деген батасын алғаннан кейін Суворавша екпінді қысыммен сол жобаны жүзеге асырады. Атышулы пішен қоры делінген жобаның жайы осындай болды. Қаншама сия мен қағаз ысырап етілді, елге шығып, халықты дүрліктіруге қаншама шығын талап етілді, қазақтардың қандайлық ұшан-теңіз еңбегін сарп еткізді бұл шара!... Ал нәтижесі - мыңдап мыңғырған малдары бар аудандарда болмашы ғана жүздеген пұт нашар пішен қоры жасақталды және де осы сорлы қордың өзі қыс аяғында талан-таражға түсіп, быж-тыж болды, жазда қайтадан толықтырылған жоқ. Кейде қандай да бір әкімнің ойында «қазына пішенінің» қорын тексерту ниеті туады да, шенеуніктерін елге жібереді. Сол шақта орда өкімет орындарының қызу, қарбалас жұмысы басталады. Көбінесе тексерушінің көз алдында таяу маңдағы ауылдардан қоймаға көптеп пішен тасылады. Ол кеткен соң пішен бұрынғы иелеріне қайтарылып беріледі.
Әдетте, жұт болатын жылы пішен қоры жиналмайды да, қыс аяқталарда бар пішен қаңталапайға түсіп, таратып әкетіледі, ал жазғы қуаңшылықта егін-шөп шықпай, өспей қалады. Жұтқа қарсы күрес мұндай күлдіргі ойын-сауық шаралары арқылы жүргізілмеуге тиіс. Мұнда басқа, анағұрлым тиімді, ынталы шаралар керек, ең алдымен, жергілікті күштердің өз сана-сезімімен, өз іскерлігімен ұштастырылған, бірлескен белсенді қимылы, іс-әрекеті керек. Ал мұның өзі жергілікті орындарда өзін-өзі басқарудың кең көлемде орнатылуы арқылы ғана мүмкін бола алады. Тек сонда ғана кейбір земстволарда апатқа қарсы ұйымдастырылып жатқан күрес жүзеге асырыла алады, тек сонда ғана қазақтарда, келімсектерде егін-шөптің шықпай, өнбей қалуын беті қайтпайтын, жеңістік бермейтін табиғат апаты деп санамайтын болады.
Миллиондаған адамдары бар халыққа қамқоршы болуды өз міндетіне алған, консул мырзалар «Жұт төніп келе жатыр!».
Міржақып Дулатұлы «Апат төңгелі тұр» мақаласынан (аударма),
Дереккөз: Дулатұлы М., Алты томдық шығармалар жинағы.2-том. - Алматы,2013 ж.