Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Маған есеппен үйленді»: Назгүл Қарабалина ел естімеген құпиясын айтты (ВИДЕО)

18:39, 03 шілде 2026

Актриса, продюсер Назгүл Қарабалина өзінің жұбайы Азаматқа ең бірінші болып өзі ғашық болғанын үлкен шынайылықпен еске алды, деп хабарлайды Alash.kz. 

Актрисан Жанар Байсемізге берген сұхбатында студенттік жылдары өнер академиясында оқып жүрген кезде болашақ жары оған ешқандай назар аудармаған екен.

«Академияда оқып жүрген кезде Азаматтың маған ерекше ықыласы болған жоқ. Керісінше, оған алғаш ғашық болған мен едім. Оның мені байқаса екен, назар аударса екен деп армандайтынмын», – деді Назгүл Қарабалина.

Актриса сол сезімге толы шақтарда сүйіктісіне арнап арнайы күнделік-альбом жүргізгенін де жасырмады. Ол жазбаларында Жаратқаннан екеуінің тағдырын қосуды жалбарына тілеп, болашақта Азаматтың ата-анасына лайықты күтім жасауға, оның көпбалалы отбасымен тату өмір сүруге уәде бергенін айтты.

«Ол кезде Азамат басқа қызды ұнататын. Мен күнделігіме: «Уа, Алла! Егер Азамат екеуміз қосылсақ, оның зейнеткер ата-анасына қараймын, тоғыз бауырымен жақсы қарым-қатынаста боламын. Тек бізді табыстыра көр» деп жазатынмын», – деді өнер иесі.

Назгүл Қарабалинаның пайымдауынша, кейінірек Азамат осы жасырын жазбаларды кездейсоқ оқып қойғаннан кейін ғана оның сезіміне басқа көзқараспен қарай бастаған болуы мүмкін.

«Бір күні ол жазғандарымды оқып қойыпты. Содан кейін ойланған шығар. Кейде әзілдеп «маған есеппен үйленді» деп айтамын. Ал менің сезімім басынан-ақ шынайы болды. Қазір, әрине, мені жақсы көреді», – деп толықтырды ол өз сөзін.

Оған қоса, актриса өзіне тек жолдасының ғана емес, бүкіл қайын жұртының көрсеткен құрметі мен ықыласы ерекше ыстық екенін мақтанышпен атап өтті. Өткен жылы 90 жасқа қараған шағында дүниеден озған аяулы қайын атасының өзіне көрсеткен қамқорлығын үлкен тебіреніспен еске алды.

«Азаматтың махаббатынан бөлек, қайын атамның маған деген ықыласы мен үшін өте қымбат. Өткен жылы 90 жасқа келіп өмірден өтті. Осындай абыз адамның келіні болғаныма әрдайым шүкіршілік етемін. Қазір енем қасымда. Олардың маған деген сүйіспеншілігі – өмірімдегі ең үлкен байлықтардың бірі», – деді Назгүл Қарабалина сұхбатының соңында.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар