Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Келер күннің үміті, елдің шырағы - нұры болатын жастарға...

16:22, 24 наурыз 2024 425

Біздің қазақ-қырғызда халыққа қызмет етуді өзіне борыш санаған оқытушы азаматтар өте аз. Бүгінгі жаңа талап жастар болмаса, бұрынғы оқығандарымыздың көргені жаман, тәрбиесі нашарлықтан көбі қызмет етуді қорлық деп түсініп, өз пайдасын халық пайдасынан жоғары санап, елді жәбірлеуден, жеуден басқаны білмей келеді. Бұларды көрген халық «Аллаңнан ойбайым артық» дейтінді шығарды.Енді ертең елге барғалы отырған жастарымыздың міндеті не?

Олардың міндеті: бірінші өздеріне тапсырылған қызметтерін жақсы өтеу болса, басынан жұртқа сүйкімді, жұғымды болып, өздерінің шын ақжүрек, шын жұртшыл, шын еңбекшілер қорғаны - келер күннің үміті, елдің шырағы - нұры болатын жастар екенін таныту; қараңғы, надан бауырларына үгіт-насихат айтып, көзін ашып, көңілін оятып, көмек беріп, елді өздері жәбірлемек түгіл,жәбірлеушілерден қорғап, нашарды, момынды жақтап, ерсі мінездерден сақтанып, шын азамат атағын алуға тырысу.

Елге шыққан жастардың арасындағы естиярлары кейінгі інілеріне басшылық етіп, басалқы айтуға борышты. Елге шыққан жастар көргендердің «балаларымыз да осылардай болса» деген ой туғызарлықтай, жұрттың махаббатын өздеріне қарататын болсын. Міне, ендігі жастардың міндеті осы.

Бұл жолдан адасқан жастар адам болмайды, елдің көңілін қалдырады, күдерін үздіреді. Осы бастан адамгершілікке, тазалыққа, дұрыстыққа құмар болмаған жас ұлғайғанда, қартайғанда ешкімді жарылқай алмайды.

«Ерте оңбаған кеш оңбас, кеш оңбаған еш оңбастың» кебі келеді де отырады. Соның үшін елге шыққалы отырған жастарға қайырлы сапар тілеп, бұлар жұртқа шын пайдалы қызметкерлер болар деген үмітпен көріскенше қош айтысып, шығарып саламыз.

Жасасын, жарық ойлы жас ұлан!

Міржақып Дулатұлы,

«Жастарға» мақаласынан үзінді, 1921 ж.

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар