Астана тұрғыны Айдос Еділ несие туралы бейнеролик жариялаған соң, Kaspi банктегі жеке есепшоты бұғатталып қалды, деп жазады Alash.kz.
Айдос Еділдің жариялаған видеосы TikTok-та 600 мыңға жуық көрілім жинады. Кейіннен өзін Kaspi банктің өкілімін деп таныстырған азамат видеоны өшіруді талап еткен.
"Мен видеоны өшірмеймін деп өз айтқанымнан қайтпадым, менің нөмірімді қайдан алғанын сұрадым. Және неге TikTok жөнінде қоңырау шалып тұрғанын сұрадым. Жалпы, екеуміз де өз дегенімізден қайтпадық. Мен "егер сіз өзіңізді таныстырмасаңыз және менің нөмірімді қайдан алғаныңызды айтпасаңыз, әңгіме бітті" дедім", – деді Айдос Еділ.
Кейіннен Айдостың Kaspi банктегі жеке есепшоты бұғатталып қалды. Алайда біршама уақыт өткен соң банк бұл әрекетінің қате болғанын мойындап, ішкі тексеру бастағанын жазды. Бұл мәселе әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, банкті сынағандар көп болды.