Денсаулығы сыр беріп, ауруханаға түскен актер Азамат Сатыбалды қазіргі жағдайын айтты, деп жазады Alash.kz.
«Баршаңызға үлкен рақмет! Қиын сәтте қолдау білдіріп, жылы тілектеріңізді жолдағандарыңыз маған күш берді. Қазір жағдайым жақсы, үйге оралдым. Алдағы уақытта толық сауығып, жұмысқа қайта кірісемін деп сенемін», – деп жазды актер.
Бұған дейін актер шұғыл ота жасатқанын хабарлаған еді.
«Ауырып тұрдым, аунап тұрдым. Кім білген, “Сұлтан Бейбарыс” спектаклін ойнай алмай қаламын деп. Көрермендерден кешірім сұраймын. 19-ы “Зулейха” спектаклін ойнап, үйге бардым. Келесі күні театрда спектакль ойнауым керек еді. Түнде 12-де басталды бір дүлей сырқат. Жанымды қоярға жер таппадым. Ішпеген дәрім жоқ. Содан таңғы төртке дейін алыстым. Болмады. Жедел жәрдем шақыруға тура келді. Келген бойда дәрігерлер тексеріп бірден ота жасайтынын айтты. Әртіспісің дегендей, дәрігерге «Спектаклім бар еді, ертең жасасаңыз болмай ма?» дедім. Ол болса «Бұл не деген сұмдық?» деп, басын ұстап таңғалды. «Қандай спектакль, тез арада ота жасау керек» деді. Көнбеске амал қалмады. Жан тәтті ғой. Не керек, бәрі сәтімен өтті. Қазір жағдайым жақсы, Аллаға шүкір. Дәрігерлерге алғысым шексіз, зыр жүгіріп бәрін жасап жатыр. Алла разы болсын. Ауырмаңыздар», - деді Азамат Сатыбалды.