Тоқсандық бағаның қалыптасу тәртібі нақты айқындалады, деп жазады Alash.kz.
Тоқсандық бағаның 50%-ы формативтік бағалау, 50%-ы аралық бағалау нәтижесінен құралады. Тоқсандық баға мектептің LMS жүйесінде белгіленген бірыңғай формула бойынша автоматты түрде есептеледі.
Жүйеде оқушының аралық және формативтік бағалау нәтижелері және олардың қорытынды бағадағы үлесі көрсетіледі. Бұл тоқсандық бағаның қалай қалыптасқанын педагогке, оқушыға және ата-анаға түсінікті етеді.
Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова хабарлады.
Оның айтуынша, педагогтердің бағалау рәсімдеріне байланысты жүктемесін оңтайландыру да ескеріледі.
«Бастауыш сыныптарда аралық бағалау жұмыстарына модерация жүргізілмейді. Бағалаудың бірыңғай талаптары мен оны ұйымдастыру тәртібі сақталады. Сонымен қатар, жаңартылған тәсілдердің барлық білім беру ұйымдарында бірізді қолданылуы үшін педагогтерге орталықтандырылған әдістемелік қолдау көрсетіледі», - деді спикер баспасөз конференциясында.