Бүгін белгілі алаштанушы ғалым, академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді 80 жасқа толды, деп хабарлайды Alash.kz.
Мәмбет Құлжабайұлы Қырғыз мемлекеттік университетін бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында білім алған. Еңбек жолын ауыл мектебінің мұғалімі және Жамбыл облыстық мұрағатының ғылыми қызметкері болып бастаған ол кейіннен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да доцент, кафедра меңгерушісі, біліктілікті арттыру институтының директоры әрі тарих факультетінің деканы қызметтерін абыроймен атқарды.
Сондай-ақ ғалым Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Партия тарихы институтында аға ғылыми қызметкер, ҚР БҒМ Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, Абай атындағы ҚазҰПУ-да кафедра меңгерушісі болып еңбек етті.
Ғалым 2004 жылдан бастап Қазақстан тарихшылары қауымдастығының президенті қызметін атқарып келеді және кезінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының тарих пен этнография секциясына жетекшілік еткен.
Мәмбет Қойгелді XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ интеллигенциясының қоғамдық-саяси қызметін зерттеуге зор үлес қосып, отандық тарих ғылымында Алаш қозғалысына мүлде жаңа көзқарас қалыптастырды. Сонымен қатар ол ортағасырлық тарихшы Қадырғали Қосымұлының «Жылнамалар жинағы» еңбегінің тарихи жазба дәстүрі негізінде дүниеге келген құнды мұра екенін ғылыми тұрғыда толық негіздеп берді.