Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қайтарылған активтер: Қазақстанда 617 млрд теңгеге 500-ден астам жоба іске асырылады (ВИДЕО)

19:10, 18 тамыз 2026

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елге заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстары жалғасуда. Бүгінде Қазақстанға негізінен ақшалай нысанда 1,1 трлн теңгеден астам актив қайтарылды, деп хабарлайды Alash.kz

Қайтарылған қаражат Арнаулы мемлекеттік қор арқылы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалуда. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде жалпы сомасы 617,7 млрд теңгеден асатын 500-ден астам жобаны қаржыландыру мақұлданған.

Ауыз суға – 226,5 млрд теңге

Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 267 жобаға 226,5 млрд теңге бөлінді.

Ақмола облысында сумен жабдықтау жүйесін дамытуға 23 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалып, ондаған ауыл орталықтандырылған ауыз суға қосылды. Солтүстік Қазақстан облысында 14,9 млрд теңгеге 28 жоба аяқталып, 30-дан астам ауыл тұрақты ауыз сумен қамтылды.

Абай облысында 20 мыңға жуық ауыл тұрғынын қамтыған 15 жоба жүзеге асырылды. Алматыда Қайрат, Ақжар, Ақбұлақ, Боралдай және Қарағайлы шағын аудандарында су құбыры мен кәріз желілері салынды.

Денсаулық сақтау саласына – 176,8 млрд теңге

Қайтарылған активтер есебінен денсаулық сақтау саласындағы 191 жобаға 176,8 млрд теңге қарастырылды.

Риддерде 200 орындық көпбейінді аурухана, Ақтауда жедел медициналық жәрдем стансасы салынды. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 145 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанының құрылысы аяқталды.

Қарағанды облысында 51 медициналық нысан салынып, реконструкцияланды. Балқашта көпбейінді аурухана жанынан хирургиялық-ангиографиялық корпус салынып, балаларды оңалту орталығы ашылды.

Жаңа корпус Балқаш тұрғындарына инфаркт және басқа да шұғыл қан тамырлары аурулары кезінде көмекті жергілікті жерде көрсетуге мүмкіндік берді. Бұған дейін мұндай науқастарды шамамен 400 шақырым жердегі Қарағандыға жеткізу қажет болатын.

Әуежайлар мен көлікке – 43 млрд теңге

Көлік инфрақұрылымындағы сегіз жобаға 43 млрд теңге бөлінді.

Балқаш әуежайы реконструкцияланып, терминал жаңартылды. Оның өткізу қабілеті сағатына 60-тан 80 жолаушыға дейін артты. 2026 жылғы 1 маусымнан бері Балқаштан Астана мен Алматыға тұрақты рейстер орындалуда.

Арқалық әуежайында да құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Жаңа аэровокзал салынып, ұзындығы 2,5 шақырым болатын ұшу-қону жолағы жөнделді. Алдағы уақытта Арқалықтан Астана, Алматы және Қостанайға рейстер ашу жоспарланып отыр.

Спорт пен білімге миллиардтаған теңге бөлінді

Спорт инфрақұрылымын дамытуға қайтарылған активтерден 67,5 млрд теңге бағытталды. Көкшетауда көпфункционалды спорт кешені, Зерендіде дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион реконструкциядан кейін ашылды.

Білім беру саласында жалпы сомасы 64,4 млрд теңге болатын 17 жоба мақұлданды.

Петропавлда жаңа мектеп пен 280 орындық балабақша ашылды. Шымкентте арнайы мектеп-интернатқа арналған 300 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Жаңа білім беру нысандары Абай, Ұлытау, Жамбыл және Қостанай облыстарында да салынды.

Сонымен қатар қайтарылған қаражат Жамбыл, Қарағанды, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалуда.

Осылайша, елге қайтарылған 1,1 трлн теңгеден астам актив ауыз сумен қамтамасыз ету, медицина, білім, көлік, спорт және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталып отыр.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар