Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жезқазғанда $213 млн-ға жаңа күкірт қышқылы цехы салынады

14:47, 18 тамыз 2026

«Қазақмыс» ЖМЗ-ның газ тазарту жүйесін ауқымды жаңғыртуға $213,76 млн жұмсайды, деп хабарлайды Alash.kz.

«Қазақмыс» Жезқазған мыс балқыту зауытындағы газ тазарту жүйесін соңғы онжылдықтардағы ең ауқымды жаңғырту жұмысына кірісті. 18 тамызда Жезқазғанда «Қазақмыс» пен China National Chemical Engineering Company (CNCEC) компаниялар тобы жаңа күкірт қышқылы цехын салу туралы келісімге қол қойды. EPC-келісімшарттың құны – 213,76 млн АҚШ доллары.

Жоба аясында жаңа күкірт қышқылы цехы салынып қана қоймай, технологиялық газдарды ұстау және тазарту жүйесі толық жаңғыртылады. Зауытта заманауи электр сүзгілері, салқындату мұнаралары, конвертерлерге арналған арнайы жабындар және автоматтандырылған бақылау жүйелері орнатылады.

Жаңғыртудан кейін технологиялық газдарды ұстау деңгейі 99%-ға дейін жетеді. Бұл SO₂ шығарындыларын азайтып, Жезқазғанға түсетін экологиялық жүктемені айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Жаңа цехтың қуаты жылына 350 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге есептелген. Ал жүйе сағатына 300 мың текше метрге дейін технологиялық газды өңдей алады.

Нысанды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары шамамен 29 айға созылады.

«Қазақмыс» бұл жобаны Жезқазғанның экологиялық қауіпсіздігіне және кәсіпорынның ұзақ мерзімді тұрақтылығына бағытталған маңызды инвестиция деп атап өтті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар