Жамбыл облысында экс-депутат Бақытжан Базарбектің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен Нұржігіт есімді азаматтың жағдайы туралы жаңа мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Әлеуметтік желідегі ресми парақшаларда оқиғадан зардап шеккен азаматтың денсаулығына қатысты видеожазба мен арнайы үндеу таралды. Апаттан кейін ауруханаға түскен науқастың жақындары ел халқынан қолдау білдіріп, тиісті дұғада болуын өтінді.
Жақындары өз үндеуінде: «Қазіргі таңда Бақытжан Базарбек ағамыз біздің жанымызда. Бауырымның аяққа тұрып кетуіне еш көмегін аяп жатқан жоқ. Қазіргі таңда бауырымның жағдайы қанағаттандырарлық. Құрметті халайық, бауырым үшін дұғада болыңыздар», - деп ағынан жарылды.
Өз кезегінде оқиға орнында болып, жағдайды жіті қадағалап отырған экс-депутат Бақытжан Базарбек те науқастың емделу барысы мен дәрігерлердің еңбегіне тоқталып өтті.
Ол өз сөзінде: «Құрметті қазақ халқы, Нұржігіт бауырымыздың денсаулығы ақ халатты абзал жандардың қолында. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан үлкен көмек беріліп жатыр. Реаниматологтар, травматологтар консультация беріп жатыр. Қажетті емшаралар көрсетіліп жатыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан консилиумдар жүріп жатыр. Қазір оң өзгерістер бар», - деді.
Қазіргі уақытта білікті дәрігерлер науқастың тезірек сауығып кетуі үшін барлық қажетті медициналық көмекті толық көлемде көрсетіп жатыр. Сонымен бірге ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр.