Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында жаңа Конституцияның күшіне енуімен ел дамуының жаңа тарихи кезеңі басталғанын жариялап, мемлекеттік басқару мен экономикалық үлгіні түбегейлі жаңғыртудың прагматикалық бағдарын тұжырымдап берді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы сөзі — Қазақстанның саяси және экономикалық бағытын түбегейлі өзгертетін тарихи маңызды мәлімдеме. Президент отыз жылдық қос палаталы Парламент дәуірінің аяқталып, жаңа Конституция аясында «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» моделіне ресми көшуді жариялады. Мұндағы басты стратегиялық мақсат — мемлекеттік басқаруды бюрократиядан арылтып, шешім қабылдау процесіне жасанды интеллект пен «e-Parliament» жүйесін енгізу арқылы заңнамалық базаны жеделдету. Сонымен қатар, Қазақстан халқы ассамблеясының қызметін конституциялық деңгейдегі Халық Кеңесіне беру арқылы жалпыұлттық диалогтың форматын азаматтық қоғам өкілдерін тарта отырып, жаңа сапалық сатыға көтерді.
Экономикалық блокта Президент популистік «әлеуметтік мемлекет» ұғымынан прагматикалық капиталды даму үлгісіне көшуді талап етті. «Қаражатты талан-таражға салуды тоқтатып, елді үлкен құрылыс алаңына айналдыру» қажеттілігі энергетика, су ресурстары және көлік-логистика сияқты базалық инфрақұрылымды сақтап қалудың жалғыз жолы екенін атады. АЭС құрылысының басталуы, Орта дәліз әлеуетін арттыру және «Жасанды интеллект туралы» заңның қабылдануы мемлекеттің жаһандық бәсекеде технологиялық хабқа айналу амбициясын айқындайды. Шикізаттық тәуелділіктен арылып, адам капиталын дамыту арқылы ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық егемендікті қорғауға бағытталған прагматикалық қадамдар жасалуы тиіс. Осы ретте Мемлекет басшысы ел бюджетінің жартысынан астамын, яғни 19 триллион теңгеден астам қаражатты ғылым мен білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау сияқты стратегиялық салаларға бағыттауды тапсырды.
БІР ПАЛАТАЛЫ ҚҰРЫЛЫМҒА КӨШУ – БҰЛ ЗАМАН ТАЛАБЫНАН ТУҒАН ШЕШІМ
Саясаттанушы, PhD Қазбек Майгельдинов Alash.kz ұлттық порталына тұшымды пікір білдірді. Сарапшы өз сөзінде бұрынғыдан сабақ алып, жаңашылдыққа қадам басуымыз тиіс деп бағамдады.
Бүгін Парламенттің қос палатасының бірлескен соңғы отырысы болды. Бұл жерде біз енді екі палаталы Парламенттің бүгінгі соңғы отырысын өткенді жоққа шығару емес, керісінше, сол өткеннің табысты тәжірибесін негізге ала отырып, жаңа сабақтастық пен жаңаруға бет алу деп қабылдауымыз керек. Өйткені, бір палаталы құрылымға көшу – бұл заман талабынан туған шешім. Заң шығару процесі жеделдеуі қажет. Мемлекеттік шешімдердің сапасын арттыру қажет. Ал енді қазіргі жасанды интеллектінің жаһандану дәуірінде қарқынды жұмыс істей алатын бір палаталы Парламент қажет және де ол – әлемдік тәжірибе.
Президенттің болашақ депутаттарға қойған өлшемі де терең. Басты қойып отырған талабы – бұл, ең бастысы, жаңа саяси мәдениеттің бағдарын анықтау. Сондықтан мен үшін енді маңызды месседж – бұл біздегі жаңа институттардың құрылуы.
Вице-президент лауазымы, Қазақстан халқы кеңесі құрылып жатыр. Бұның барлығы алдағы уақытта еліміздің мемлекеттік басқарудағы сабақтастық пен орнықтылықты енді қамтамасыз етуі қажет. Президенттің сөзіндегі өзекті ой – мемлекет пен халықтың тұтастығы. Яғни, бұл жердегі басты идея биліктің әр буыны азаматқа қызмет етуі үшін, оның мұңын ұғу үшін құрылған. Реформаның түпкі мәні – билікті халыққа жақындату. Сондықтан, реформаның жемісті болуы үшін, біріншіден, бірлік пен сенім қажет. Өйткені, билік пен қоғамның ортақ мақсаты – еліміздің дамуы. Кез келген Қазақстан азаматының саналы белсенділігі, әрбір шенеуніктің, мемлекеттік қызметшінің адал еңбегі – бұның барлығы осы елімізді көркейту үшін қажет қозғаушы күш.
Менің ойымша, қоғамға қажет нәрсе – өзгерістерге ашық болу. Ал, билікке қажетті нәрсе – осы халықтың сеніміне адал қызмет ету. Осы екеуі тоғысқан кезде ғана реформа қағаздағы бір қандай да бір норма сияқты емес, бұл реалды шындыққа айналуы керек. Әрине, қазіргі таңда енді пессимистік түрлі сындар да, басқа да ойлар бар. Дегенмен де ұлттық санамызды қайта жаңғыртамыз десек, кемелденген мемлекетте өмір сүреміз десек, ең алдымен, жауапкершілікті сезіну қажет. Екіншіден, бұл жерде сенім мен бірлік қажет. Осы жағдайда ғана кез келген нәрсенің табысты нәтижесі бола алады.
БІЗ БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН ӨЗГЕРІСТЕР ДӘУІРІНДЕ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ
Саясаттанушы, PhD, сарапшы Индира Рыстина Alash.kz ұлттық порталына берген пікірінде Мемлекет басшысының бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзі жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі мемлекеттік саясаттың мазмұнын айқындап бергенін айтты.
Соңғы жылдары Қазақстанда саяси және институционалдық реформалардың ауқымды кезеңі жүзеге асырылды. Конституциялық өзгерістер қабылданды, мемлекеттік басқарудың жаңа моделі қалыптасты, заңнамалық база жаңартылды. Осылайша еліміз жаңа саяси кезеңге өтті.
Бүгінгі сөз конституциялық реформалардың келесі кезеңінің мазмұнын нақтылады. Президент білім беру, ғылым, адами капитал, инновациялар және әлеуметтік даму мәселелеріне ерекше тоқталды. Бұл бағыттардың барлығы елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясының өзегін құрайды. Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін оларды іске асырудың маңызы бұрынғыдан да арта түседі.
Қазіргі әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен немесе өндірістік қуатпен ғана өлшенбейді. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша көптеген елдердің ұлттық байлығының ең ірі құрамдас бөлігі – адам капиталы. Сондықтан білімнің сапасы, ғылымның даму деңгейі, технологиялық құзыреттер мен кәсіби дағдылар экономикалық өсудің ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен ұзақ мерзімді тұрақтылықтың да негізгі факторына айналып келеді.
Осы тұрғыдан алғанда жаңа Конституцияда адам капиталын дамыту, білім беру, ғылым және инновациялар мемлекеттің стратегиялық даму бағыттарының бірі ретінде бекітілуі ерекше мәнге ие. Бүгін Президент осы конституциялық қағидалардың практикалық мазмұнын тұжырымдады.
Менің ойымша, дәл осы жерде тағы бір маңызды мәселе бар.Соңғы жылдары ғылым туралы сөз болғанда көбіне инновациялар, технологиялар, өндіріс және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселелері көбірек айтылады. Бұл өте маңызды бағыттар және олар экономиканың жаңа сапасын қалыптастырады.
Сонымен қатар ғылымның тағы бір стратегиялық міндеті бар. Ол – қоғамның өзін зерттеу.
Біз бұрын-соңды болмаған өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Геосаяси тұрақсыздық, өңірлік қақтығыстар, жедел цифрландыру, жасанды интеллектінің дамуы және ақпараттық кеңістіктің түбегейлі өзгеруі қоғамның құндылықтарына, ойлау мәдениетіне және мінез-құлық модельдеріне тікелей әсер етуде.
Осындай жағдайда қоғамдық ғылымдардың рөлі бұрынғыдан да арта түседі.
Мемлекет заң қабылдай алады. Мемлекеттік бағдарламалар әзірлей алады. Жаңа институттар құра алады. Бірақ олардың тиімділігі қоғамның бұл өзгерістерді қалай қабылдайтынына байланысты.
Азаматтардың мемлекетке деген сенімі қалай қалыптасады? Ақпаратты қалай тұтынады? Қандай құндылықтарды басшылыққа алады? Қандай факторлар олардың қоғамдық белсенділігіне әсер етеді? Осындай сұрақтарға ғылыми жауап болмайынша, ең сапалы заңның өзі күткен нәтижені толық бере алмайды.
Әсіресе бүгінгі ұрпақтар арасындағы айырмашылықтарды терең зерттеу қажет деп есептеймін.
Орта және аға буынның дүниетанымында тарихи сабақтастық басым. Ал жастардың ақпаратты қабылдау тәсілі, еңбекке деген көзқарасы, саяси қатысу мәдениеті және коммуникация форматы мүлде басқа жағдайда қалыптасып келеді. Қазіргі мектеп оқушылары толық цифрлық ортада өсіп келе жатқан алғашқы буын. Олар бірнеше жылдан кейін еңбек нарығының, экономиканың және мемлекеттік басқарудың негізгі қатысушылары болады.
Сондықтан біз болашақ қоғамның қандай болатынын бүгіннен бастап ғылыми тұрғыдан зерттеуіміз қажет. Бұл әлеуметтік қызығушылықтың мәселесі ғана емес, мемлекеттік саясаттың сапасына тікелей ықпал ететін стратегиялық міндет.
Ғылым экономиканың технологиялық жаңаруына қызмет етуі қажет. Сонымен бірге ол қоғамдағы өзгерістерді түсіндіруге, мемлекеттік шешімдердің ықтимал салдарын бағалауға және қоғамдық процестердің даму бағытын болжауға да қызмет етуі тиіс.
Бұл ой Президенттің бүгінгі сөзіндегі адами капиталға қатысты басымдықтарымен үндеседі.
Сондықтан жаңа конституциялық кезеңде ғылымның алдында да жаңа жауапкершілік тұр. XXI ғасырда мемлекеттердің басты артықшылығы қоғамды қаншалықты терең түсіне алатынымен және сол білімнің негізінде тиімді мемлекеттік саясат қалыптастыра білуімен айқындалатын болады.