Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Халықтың денсаулығы маңызды: СҮЙІНШІ - Асхат Аймағамбетов бар қазаққа жағатын жағымды жаңалығымен бөлісті

13:30, 21 мамыр 2025 1047

Депутат Асхат Аймағамбетов МӘМС туралы орындалып жатқан маңызды жұмыстар мен шығарылған шешімдер туралы халыққа мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ALASH.KZ.

Депутат бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

МӘМС. Заңға қандай өзгерістер енгізілді және бұл азаматтарға не береді?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы заң жобасы Мәжіліске түскен кезде, ол әлі де жетілдіруді қажет ететін құжат болды. Мемлекеттік тегін медициналық көмек пакетін (ТМККК) қысқарту арқылы бюджет шығынын үнемдеу көзделді, ал негізгі жүктеме жұмыс берушілер мен қызметкерлерге жүктелмек болды. Бұл – әлеуметтік әділетсіздік қаупін тудырды.

Біз, депутаттар, бір жарым ай ішінде маңызды авторлық түзетулер енгізіп, азаматтардың өміріне оң өзгеріс әкелетін бірқатар түбегейлі мәселелерді шештік.

1. Жұмыстан айырылсаң – жүйеден шығармайды

Бұрын 2-3 ай жарна төлемесең – жүйеден «шығып қаласың». Жарна жоқ = емхана жоқ, аурухана да жоқ.

Мысалы, мұғалім бес жыл тұрақты жарна төлеген. Бірақ жазда – еңбек демалысы себепті – маусым, шілде, тамызда жарна аударылмайды (өйткені еңбек демалысы ақшасы бірден төленеді). Тамызда емханаға барса, «Сіз сақтандырылмағансыз» деп қабылдамайтын.

Енді бұлай болмайды. Егер азамат бірнеше жыл үздіксіз жарна төлеген болса, ол 6 айлық «қор» жинайды. Яғни уақытша жарна төлемесе де, жұмыстан айырылса да – мәртебесі сақталады, медициналық көмекке қолжетімділік жоғалмайды. Бұл – мұғалімдер мен тұрақты жұмыс істейтін барша азаматтар үшін үлкен қауіпсіздік.

2. Кератопластика мен трансплантация – енді жеке клиникаларда да қолжетімді

Бұрын күрделі оталар – мысалы, көздің қасаң қабығын ауыстыру (кератопластика) – тек мемлекеттік ауруханаларда жасалатын.

Енді лицензиясы бар жеке клиникалар да бұл қызметті көрсете алады. Бұл – кезектің азаюына, таңдаудың артуына, көмектің жеделдігіне жол ашады.

3. МӘМС болмаса да – базалық көмек қалады

Біз талап еттік: МӘМС жүйесінде болмаса да, адам алғашқы медициналық көмекті алуға құқылы болуы тиіс. Яғни емханаға барып, қарапайым талдаулар тапсыру, ЭКГ немесе УЗИ өту, әлеуметтік маңызы бар аурулар (туберкулез, онкология, ВИЧ және т.б.) бойынша ем алу, дәрігер кеңесін алу мүмкіндігі сақталады. Бұл – Президенттің тікелей тапсырмасын жүзеге асыратын маңызды түзету.

4. Ашықтық: енді қор мен емханалар есеп беруге міндетті

Бұрын МӘМС қорына түскен қаржының қалай жұмсалғанын ешкім білмейтін.

Енді:

• МӘМС қоры,

• МӘМС және ТМККК бойынша қаржы алатын барлық клиникалар

әр тоқсан сайын жария есеп беруге міндетті: қанша ақша келіп түсті және қалай жұмсалды.

5. Азаматтар мен бизнес артық жүктемеден қорғалды

Бастапқыда Денсаулық сақтау министрлігі жарна шегін 50 ЕТЖ-ге дейін көтеруді ұсынған. Бұл – орасан жүктеме.

• жұмыс беруші үшін – 40 ЕТЖ-ден аспайды,

• жұмыскер үшін – 20 ЕТЖ-ден аспайды.

6.Бақылау мен тексеріс жеделдейді

Енді:

• Медициналық бақылау комитеті заңсыз медициналық көмек пен проблемаларға жедел әрекет ете алады, бұрынғыдай ұзақ процедураларды күтпейді.

• Министр резонанс тудырған жағдайларда, БАҚ-тағы жаңалықтар мен азаматтардың шағымдары негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізуді бастай алады.

Бұрын бұл – өте ауыр, ұзақ рәсімдер болатын. Енді – жедел әрі әділ.

Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне МӘМС жүйесінің мәселелерін шешуді бірнеше рет тапсырған. Үмітіміз – бұл өзгерістер сол жолдағы алғашқы нақты қадам болады.

Келесі жазбада қандай мәселелерді шеше алмадық және алда қандай жұмыстар күтіп тұрғаны туралы айтамын.

Өйткені МӘМС-тегі басты мәселе – тек қаржыны көбейту емес, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі, әрі халықтың сенімі”,- деп аяқтады ол сөзін.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар