Қазақстанда аңызға айналған «Дос-Мұқасан» вокалды-аспаптық ансамблінің негізін қалаушы Мұрат Құсайыновқа «Қазақстанның халық әртісі» атағын беру туралы петиция жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Петиция авторлары бастаманы ресми ePetition мемлекеттік платформасында көтерді. Олар Мұрат Құсайыновтың қазақ музыка өнерін дамытуға қосқан зор үлесін алға тартып, оның шығармашылығы мемлекеттік деңгейде лайықты бағалануы тиіс деп есептейді. Бастамашыл топтың ескертуінше, тәуелсіздік жылдарында бұл құрметті атақ көптеген өнер иелеріне, соның ішінде жас буын өкілдеріне де берілгенімен, отандық эстраданың негізін қалаған Мұрат Құсайынов әлі күнге дейін аталған марапатқа ие болмаған.
Мұрат Құсайынов — 1967 жылы құрылған «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі. Бұл ұжым ұлттық ән өнерін заманауи музыкалық бағыттармен шебер ұштастырып, қазақ эстрадасының дамуына тың серпін берген еді. Ансамбль орындауындағы көптеген туындылар бірнеше буын тыңдарманының сүйікті әндеріне айналды.
Сонымен қатар, петицияны жариялаушылар мемлекеттік өтініштер платформасының техникалық қолжетімділігі мәселесін де көтерді. Атап айтқанда, ePetition қызметінің eGov Mobile мобильді қосымшасына енгізілмегені сынға алынып, бұл жағдай азаматтардың онлайн қол қоюын қиындатып отырғаны айтылды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, республикалық деңгейдегі петиция уәкілетті мемлекеттік органның қарауына жіберілуі үшін кемінде 50 мың азаматтың ресми қолдауын жинауы тиіс. Егер бұл меже орындалса, Мұрат Құсайыновқа «Қазақстанның халық әртісі» атағын беру туралы ұсыныс тиісті мемлекеттік құрылымдардың қарауына ұсынылатын болады.