Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ескіні ескеріп, жаңаға дайынбыз ба: Тоқаев жаңа жолдауда қандай мәселелерді көтермек?

15:26, 28 тамыз 2024 981

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы халыққа жолдаған жолдауында қандай өзекті мәселелерді көтерді? Президент берген тапсырманың қай факторі нақты орындалды? Алдағы жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы қандай мәселелерді көтеруі мүмкін? Бұл туралы Alash.kz ұлттық порталының тілшісі зерттеп көрді. Сондай-ақ мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жаңа жолдауда не айтылатыны туралы пікір білдірді.

Алдымен ескіні ескеріп алсақ…

Ел басшысы Тоқаев 2023 жылғы жолдауында өте маңызды мәселелердің көбіне дерлік тоқталған. Соның бірі, жасанды интеллектті қолдану аясын күшейту, ІТ саласын дамыту болды.

“Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз.

Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз.

2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек. Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек”,- деген болатын.

Жолданған жолдау өз қазығын тапты ма?

Қазақстанда Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті 2024 жылғы 27 сәуірде құрылды. Бұл комитеттің құрылуы Қазақстандағы жасанды интеллект саласын жүйелі түрде дамыту және инновацияларды қолдау мақсатында жүзеге асырылды. Комитет Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құрамында жұмыс істейді және бірқатар маңызды функцияларды атқарады.

Комитеттің негізгі қызметтері:

1. Мемлекеттік саясатты іске асыру: Комитет жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Бұл саясат Қазақстандағы жасанды интеллектті дамытуға және оны экономика мен қоғамдық өмірге енгізуге бағытталған.

2. Нормативтік құқықтық реттеу: Комитет жасанды интеллект технологияларын реттеуге арналған заңдар мен ережелерді әзірлеумен және іске асырумен айналысады. Бұл реттеудің мақсаты — жасанды интеллектті қауіпсіз және этикалық тұрғыдан қолдануды қамтамасыз ету.

3. Салааралық үйлестіру: Комитет әртүрлі мемлекеттік органдар мен жеке сектор арасында жасанды интеллект саласындағы әрекеттерді үйлестірумен айналысады. Бұл салааралық жұмыс жасанды интеллекттің тиімді қолданылуын арттыруға көмектеседі.

4. Сараптамалық кеңестің қызметін ұйымдастыру: Комитет жасанды интеллект саласындағы сараптамалық кеңестердің құрамын бекітеді және олардың қызметін реттейді. Бұл кеңестер жасанды интеллектті дамытудың стратегиялық бағыттарын анықтайды.

5. Мемлекеттік жоспарлау жүйесімен жұмыс: Комитет жасанды интеллектті дамытуға қатысты мемлекеттік жоспарлау құжаттарын келіседі және олардың орындалуын қадағалайды.

Бұл комитеттің құрылуы Қазақстанда жасанды интеллектті дамытуға және оны экономиканың түрлі салаларына енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар, комитеттің жұмысы елдің инновациялық әлеуетін арттыруға және жаңа технологиялардың дамуына ықпал етуге бағытталған.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жолдауында қандай мәселелер қарастырылуы мүмкін екеніне талдау пікірін ортаға салды.

Депутаттың ойынша, Қазақстанда дәл қазір экономика саласы ақсап тұр.

“Экономика саласында әлі күнге дейін Қазақстанның өнеркәсіп саласы мен қаржы саласы олигархтардың қолында. Қарапайым халықтың өндірістік көздеріне қолы жетпей жатыр. Бұл мемлекет үшін өте үлкен мәселе.

Ұлттық байлық жекеленген адамдардың қолында шоғырланған. Бұл еліміздің экономикалық дамуына қол байлау болатын ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан деолигархизация процесін әрі қарай жалғастыру қажет”,- деді депутат.

Депутаттың көтерген екінші мәселесі, мемлекеттегі бай-кедейдің бөлініске түсуі.

“Сонымен қатар біздің елді кедейлік мәселесі өршіп бара жатыр. Кедейлер мен байлар арасындағы ара-қатынас бөлініске түсіп, алшақтап бара жатыр. Оларды бір-біріне жақындату керек. Кедейлікпен күресудің ең негізгі жолы жаппай кәсіпкерлікпен айналысуға жол ашу. Тек қана заңдарды түзеп емес, халықты кәсіпкерлікке баулу барысын қолға алу керек. Қарапайым өндіріс көздері мен жерді халыққа қайтадан үйлестіру керек,- деді Ерлан Саиров.

Депутаттың көтерген үшінші сауалы банктердің бәсекелестік ықпалын көтеру. Жекешеленген банктердегі халықтың қарызын азайту.

“Тағы бір үлкен мәселе - қаржы саласы. Банк саласына бәсекелестікті көбейту керек. Бәсекелестік болмаса, халықтың банктерге қарызы азаймайды, мәселе шешілмейді.Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімі екі есеге өсу керек деген болатын.Бұл жоспарды орындау үшін жалпы Қазақстанның ішкі өсімі 6%-дан кем болмауы керек. Биылғы есеп жарты жылдыққа 3,3%-боп қалды. Бұл өкінішке қарай, Азия елдеріндегі ең төмен көрсеткіш.Үкімет бұл көрсеткішті сапалы өсіру мәселесін қарастыруы керек”,- деді ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар