Осыдан 100 жыл бұрын 1913 жылы Алаш саяси элитасы «Қазақ» газетін шығарғанын айттық. Сол газетті шығаруға қатысқан қазақтың үш журналист қызы Ғайнижамал Дулатова, Аққағаз Досжанова, Гүлайым Балғынбаева заманауи білімді қыздар еді. Олар «Қазақ» газетінде 1914 жылдан бастап жұмыс істеді. Сол кездің өзекті мәселелерін көтеріп, өздерінің мамандығына сай ғылыми, саяси, әлеуметтік өмірге қажетті мақалалар жазып, қазақ қызының еңсесін көтеретін істің басында болған абыройлы білімді жас қыздар еді. Осы үш қыз туралы википедияда аз ғана ақпарат бар. Сол замандағы қаншама ЖОО бітірген қазақ қыздарының тағдыры зерттелмеген. Бүгінгі біздер Алаш саяси элитасын зерттеп бітірдік дей алмаймыз. Олардың ғылыми дискурсы, академиялық мұралары енді ғана толық шығарылуда. Алаштың арулары әлі арнайы зерттелген жоқ.
Гүлайым Балғынбаеваның Германияда оқығаны туралы дерек бар да, әрі қарай қандай мамандықты бітіргені туралы ештеңе таппайсыз. Ол үшін әлі тарихты қопару керек. Мәмбет Қойгелді айтпақшы, қазақтың көп жастары Германияның инженер, медициналық университеттерінде оқып, елге қайта келмеген. Бұл туралы Ташкентте екі жылдан бері өтіп жатқан халықаралық Орталық Азиядағы Жадид қозғалысының Алашқа қатысты симпозиумінен естідім. Америкада тұратын жадидтердің ұрпағы профессорлар Германияда қазақтың жастарымен бірге оқығандарын айтқан. Бізде бұл тақырып әлі зерттелмеген. Батыс Қазақстаннан барған біраз қазақ Германияда инженерияда оқығаны, соның ішінде қыздар болғаны айтылды.
Алаш саяси элитасымен қызметтес болған қазақтың білімді қыздарының кім екені туралы деректер Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың «Алаштың сөнбес жұлдызы» атты кітабында тұңғыш рет жазылған. Гүлнар Міржақыпқызы Нәзипа Құлжанова, Гүлсім Асфендиярова, Аққағаз Досжанова, Жаңыл Қадырбаева, Ғайнижамал Дулатова, Гүлшара Досымбековаларды көргендіктен сол қыздар туралы көрген-білгенін жазды. Жоғарыда аты аталған қыздар Семей, Орынбор, Троицк қалаларында жастарға арналған мәдени кештер ұйымдастырып, саяси-әлеуметтік істердің басында жүрген. Нәзипа Құлжанова бастаған қыздар «Абай – қазақтың бас ақыны» деп мәдени кештер өткізген. Күйеуі Нұрғали Құлжанов Абайдың кешін өткізу үшін Петербордағы патшаның жергілікті генерал губернаторынан ресми рұқсат сұрап, екі жыл патшаға хат жазған. Екі сағаттық кеш өткізу үшін ресми рұқсатты екі жыл күткен. Осының бәрі қандай қиындықпен келгенін білмейтін ұрпақпыз.
Айгүл ІСМАҚОВА, алаштанушы ғалым
“AIQYN” газетіне берген сұхбатынан үзінді
Alash.kz ұлттық порталы