Тәуелсіздік алғалы Алаш қайраткерлері зерттеліп, есімдері тарих беттеріне шыға бастады. Зерттелгеніне қарамастан насихаттың жетіспеушілігінен алаш арыстарын тани алмай келдік. Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің тарихын жаңа негізде зерттеу жұмыстары бертін келе басталды. Алаш қозғалысы тарихында бірнеше қайраткерлер болды. Соның бірі – Шәймерден Қосшығұл еді. Шәймерден Қосшығұлды зерттеген ғалымдар, қайраткер туралы жазылған еңбектерді, мақалаларды талдауға айтарлықтай көмек береді. Біз бұл мақалада алаш қайраткері Ш.Қосшығұл жайлы жазылған еңбектер арқылы тақырыптың тарихнамалық мәселесін, зерттелуі керек тұстарын қарастыратын боламыз.
Шәймерден Қосшығұл – 1874 жылы Қотыркөл болысында дүниеге келген. Руы Керей. Оның ішінде Ақсары бөлімі. Ауыл молдасынан хат танып, одан кейін оқуын Көкшетаудағы Науан Хазіреттің мектеп-медресесінде жалғастырды. Бұл кезде алғыр да өжет бозбала алған білімінің маңызын түсініп, қоғамға тигізетін әсерін біле бастаған еді. Тек қана діни қайраткер ретінде шектелмей, 20 ғасырдың басында патша билігі отаршылдық саясатын тереңдете бастаған кезде, мұсылман қауымына қысым көрсету артқанда, Шәймерден Қосшығұл қатарластарының алды болып, өз халқын қорғауға кірісті. Халқы оны ерекше құрметтеп, «Шәйке молда» деп атады.
Сондай-ақ, архивтік құжаттарда, орыс деректерінде аты-жөні Шаймерден Кочегулов немесе (Кощегулов) деп кездеседі. Қазіргі таңда, қайраткер жайлы шыққан мақалалар немесе ғылыми еңбектерде аты-жөні Ш.Қосшығұлов немесе Ш.Қосшығұл деп жазылып жүр. Жалпы, алаш қайраткері Ш.Қосшығұлдың қоғамдық ұстанымының қалыптасуына өзінің рухани ұстазы Науан Хазіреттің ықпалы басым болды. Сол замандағы елде болып жатқан ахуалдың әсерінен қолына қалам ұстап, 1903 жылы Абай Құнанбайұлына ашық түрде хат жазады.
Қоғамдық-саяси қызметі
Сонымен қатар, Шәймерден Қосшығұлдың қоғамдық-саяси қызметі 1905 жылдан басталды деп айтуға толық негіз бар. Себебі, Абай Құнанбайұлына жазған хатынан кейін, патша жандармериясы бұл хатты тәркілеп, Ш.Қосшығұл мен ұстазы Науан Хазіретті Якутияға жер аудартып жіберген болатын. Айдаудан қайтып оралған соң,бір күні М.Тынышпай мен С.Шипабекұлынан арнайы хат келеді. Осы хаттан кейін Ш.Қосшығұл Петерборға аттанып кеткен еді. Бұл кезеңде Ресейде бірінші орыс революциясының дүмпуі басталып, қозғалыс белең ала басталып жатты. Ереуілге қатысып қана қоймай, сол жылы бірінші мұсылмандар сьезінің жиылысына, содан соң, 1906 жылы 15-23 қаңтар аралығында бүкілресейлік мұсылмандар сьезінің екінші отырысына да қатысады. Бірінші орыс революциясының нәтижесінде, Мемлекеттік Дума шақырылып, I-ші Мемлекеттік Думаның депутаты болып сайланады.Бұл 1906 жылы 27 сәуір күні болатын. Бірінші Мемлекеттік Дума 1906 жылы 27 сәуірден 9 шілдеге дейінгі аралықта 72 күн қызмет етті. Көп ұзамай осы жылы 16-21 тамыз аралығында мұсылмандар сьезінің үшінші шақырылымы өтеді. Мінекей, осы болып өткен үш сьезгеде алаш ардақтысы Ш.Қосшығұл қатысқан.
Шәймерден Қосшығұл туралы шыққан және де есімі кездесетін ғылыми еңбектер
Қазіргі таңда, Шәймерден Қосшығұл туралы шыққан және де есімі кездесетін ғылыми еңбектер көп. Негізгілеріне тоқталып өтейін: Тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбайдың «Рух күрескері», «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» атты еңбектерінде қайраткер Ш.Қосшығұл жайлы толық айтылған. Дегенмен де, зерттелуі керек тұстары бар. Өмірзақ Озғанбай ағамыз Ш.Қосшығұлды зерттеген ең алғашқы ғалымдардың бірі болып саналады. Осы «Рух күрескері» еңбегінің «Ш.Қосшығұлұлы ел аузында және естеліктерінде» атты бөлімінде қайраткер туралы жерлестерінің деректерікелтірілген. Ұжымшар құрылысына белсене араласқан 86 жастағы ардагер Сыздық Есмағамбетов ақсақал былай дейді: «біздің ауылымыз Қосшығұл мекенінен көп қашық емес, 2-3 шақырымдай ғана жер. Сол төңіректе «Үкілі», «Батыр», «Құлтаба» ауылдары қарайлас, іргелес болатын. Мен 11-12 жасымда Шәймерден ағамызды тұңғыш рет көрдім. Қара торы, орта бойлы кісі еді. Ақ жорға атқа жеккен шанамен, қалың тон киіп ел аралап келе жатқан беті екен. Ел азаматтары хан көтеріп қарсы алды. Мен де сәлем беріп, қолын алдым. Сол отырысында намаз оқып, дәрет алудың артықшылығы туралы көп әңгіме айтты деп, - өз естелігін осылай келтіреді.
Алаш арысының тарихи суреттеріне қарап отырып-ақ, Сыздық Есмағамбетов ақсақалдың айтқан естелігіне еш күмәнсіз қарай аламыз. Өйткені, Ш.Қосшығұл суреттерден қара торы, орта бойлы екені анық байқалады. Кітапта қайраткер жайлы басқа да қызықты деректер кездеседі. Мысалы, 1905 жылы Петербор сапары, 1907 жылы Осман империясына жасаған сапары. Ол сапары туралы мәліметтерді толығырақ С.Ғылманидың «Заманамызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» атты еңбектен көре аламыз. Және де Гүлнұр Міржақыпқызы Дулатованың «Шындық шырағы» атты еңбегінде алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының 1906 жылы Петербор қаласына жол жүріп кеткенін, бұл сапары кезінде қалада саяхаттап, өзіне белгілі қазақ интеллигенттері Ахмет Бірімжан, Бақытжан Қаратай, Әлихан Бөкейхан, Шахмардан Қосшығұлмен кездескені жайында мәліметтер жазылған.
Зерттелуі тиіс тұстары
1. 1905 жылы Петербор сапары
2. 1907 жылы Осман империясына жасаған сапары
3. 1920 жылдан 1931 жылға дейінгі тағдыры
4. Қызылжарлық абақтыға қамалу кезеңі және одан кейінгі өмірі
Әлі күнге дейін алаш қайраткері Ш.Қосшығұл туралы жазылған көлемді еңбек жоқ. Есесіне, Ш.Қосшығұлды зерттеп жүрген, бастаған тарихшы ғалымдардың қатары көбейіп келеді. Кең көлемді еңбектің жазылуы уақыттың еншісінде. Жақында ғана түркітанушы, тарихшы Елдес Орда ағамыз өзінің facebook парақшасына Мемлекеттік Дума депутаттары М.Тынышпай, Ш.Қосшығұл, Ахмет Бірімжан, Бақытжан Қаратайдың суреттерін жариялаған болатын. Міне, бұл суреттің арасында Ш.Қосшығұлда бар. Бұл тарихи сурет «Искры» журналының 1907 жылы шыққан бір санынан табылды. Суреттің аннотациясында: Думадағы мұсылман фракциясы деп көрсетілген.
Қорытындылай келе, биыл «Алаш» қайраткерінің туғанына 150 жыл толып отыр. Бұл қайраткердің зерттелмеген бізге беймәлім тұстары өте көп. Есімі белгілі болғанымен, әрі қарай зерттеу жұмысын жалғастыруды қажет етеді. Қазіргі таңда, ауылынан шыққан жерлестері, өлкетанушылар, ұрпақтары Ш.Қосшығұл есімін насихаттап, зерттеу жұмысына бір кісідей ат салысып жатыр. Алдағы уақытта, Алаш қайраткері – Ш.Қосшығұл туралы зерттеуім жалғасын таба бермек.
Ғылыми жетекші: Аманбай Асылбайұлы,
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
Қанатбек Бегенұлы,
Алаш бағытындағы жас зерттеуші