АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинге көңілі қалғанын ашық айтты. Мұндай мәлімдеме 18 қыркүйекте, бейсенбі күні, Ұлыбританияға ресми сапары барысында жасалды. Бұл Украинадағы бейбіт келіссөздердің нәтижесіз аяқталғанынан кейін болып отыр, деп хабарлайды Alash.KZ.
Трамп өзінің бастапқыда қақтығысты тез арада тоқтатуға сенгенін жеткізді. Оның ойынша, Путинмен жеке қарым-қатынасы жағдайды реттеуге мүмкіндік береді деп күткен. Алайда бұл болжамы орындалмаған.
“Адамдар қаза тауып жатыр. Мен мұны тоқтатуға міндеттімін деп санаймын. Біз шешімі жоқ болып көрінген жеті соғысты аяқтадық, бұл – менің үлкен жетістігім. Бірақ ең оңайы деп ойлағаным – Путинмен қарым-қатынас еді. Өкінішке қарай, ол мені қатты қынжылтты”, – деді АҚШ президенті Ұлыбритания премьер-министрінің резиденциясында өткен баспасөз жиынында.
Оның айтуынша, Мәскеумен келіссөздер іс жүзінде тоқтап қалған. Трамп Украиндағы соғысты қысқа мерзім ішінде аяқтауды көздегенін, бірақ Путинге жасаған ультиматумдары мен үндеулерінің нәтиже бермегенін атап өтті.
Сонымен бірге, америкалық көшбасшы тамыз айында Аляскада өткен Путинмен кездесуін қателік деп санамайтынын айтты. Дегенмен бұл кездесу Батыс одақтастары арасында алаңдаушылық туғызған. Олар Вашингтонның Кремльмен тым жақындасуынан қауіптенген болатын.
Трамп сонымен қатар Батыс елдерін Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатуға шақырды. Оның пікірінше, Мәскеуге қысым көрсетудің және келіссөздерге мәжбүрлеудің тиімді жолдарының бірі осы. Дегенмен, АҚШ-тың Ресейге қатысты қандай да бір жаңа біржақты санкциялар енгізетіні туралы нақты шешім әзірге жарияланған жоқ.
Баспасөз мәслихатына қатысқан Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер де Путинге қысымды арттырудың маңыздылығын атап өтті.
“Біз Путинге қалай қатаң қысым жасау керектігін талқыладық. Тек қысым болғанда ғана ол келісімге келуге дайындық танытады”, – деді британдық үкімет басшысы.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский соңғы күндері Ресей тарапынан ел аумағына жасалған жаңа ауқымды шабуылдар туралы хабарлады. Оның сөзінше, бұған жауап ретінде Киев ұзақ қашықтыққа ұшатын дрондарды қолданып, Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына, терминалдары мен қоймаларына соққы жасаған.
Осылайша, Украинадағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған халықаралық күш-жігер әзірге нәтиже бермей тұр. АҚШ пен Батыс елдері Мәскеуге қысымды күшейтуге шақырса, Кремль өз ұстанымынан айнымай отыр.