33 миллионды суырып беріп, тұңғыш қазақ романына бәйге жариялаған кім?
Кешелі бері роман жазуға 15 миллион теңге бәйге жарияланды деп желі шулап жатыр ғой. Шыны керек, бұл нәрсе қолына қалам ұстағанның бәрінің үміт отын үрледі. Қиялға ерік бергендер, соны жеңіп алып, шетелде теңіз жағасында күнге қыздырынып жатқан болар. Ойша әрине.
Ал менің ойыма осы кезде не түсті деңіздерші? Альфред Нобель жолымен тұңғыш қазақ романына бәйге жариялаған қазақ оралуда. Осыдан 110 жыл бұрын болған оқиға. «Айқап» журналының 1915 жылғы № 7-8 санына: «...Құдайға шүкір, біздің қазақ арасындағы ғылымның қадірін білуші, дәулетін ғылым жолына жұмсаушы байларымыз бар екен. Есенқұл бай Маманов роман жазған адамға ақшалай бәйге тігіп отыр, жазылған романдарды білгірлердің сынына беріп отыр. Есенқұл байдан үлгі алмақ, оның салған жолымен жүрмек – қазақтың басқа байларының міндеті» деген мақала жарияланады.
Сондағы Есенқұл деген кім еді деңізші?
Ол - атақты "Мамания" мектебінің негізін қалаған Маман қажының кенжесі Есенқұл қажы еді. 1880-1932 жылдары өмір сүрген қазақтың аса ауқатты байы Әлихан Бөкейханұлы, Мұхамеджан Сералин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы тәрізді қазақтың көшін алға сүйреген ұлт қайраткерлерімен қоян-қолтық араласып, қазақтың болашағына алаңдап отырған. Оларға тіпті абақтыға қамалғанда шығарып алуға, газет ашуға т.б ұдайы ақшалай көмектесіп отырған.
Былайша айтқанда, қазақтың сол тұстағы "менмін" деген меценаты ғой. Ең қызығы, қазақтың тұңғыш романы осы бәйгенің арқасында дүниеге келген. Байқауда бір емес, екі бірдей шығарма жеңіске жеткен: бірі - Сұлтанмахмұт Торайғырдың «Қамар сұлуы» болса, екіншісі - Тайыр Жомартбайдың «Қыз көрелік» романы. Жүлде қоры негізінен 2000 сом болған. Ол қазіргі ақша жүйесімен есептегенде 33 миллион теңгенің шамасында екен. Ендеше, жасасын роман бәйгесі. Жасасын әдебиетке дем беретін қазақ меценаттары!
P.S."Алаш зиялыларының соңғы сөзі" кітабымда қазақтың небір Атымтай жомарттары туралы арнайы бір бөлім бар. Оқып, танысуға болады.
Мәриям ӘБСАТТАР
Facebook парақшасынан
Alash.kz ұлттық порталы