2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері 63,9 млрд долларды құрады. Ал бір жылдағы инвестициялық кіріс 8,7 млрд долларға немесе 15,1 пайызға жетті, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. 2007-2024 жылдары Ұлттық қордың орташа жылдық кірістілігі шамамен 3 пайыз деңгейінде болған.
Ұлттық банк Ұлттық қор қаражатын инвестициялауда негізінен консервативті стратегияны ұстанады. Яғни активтердің едәуір бөлігі тәуекелі төмен, сонымен бірге кірістілігі де салыстырмалы түрде аз қаржы құралдарына салынады. Мұндай тәсіл қаражаттың сақталуына басымдық бергенімен, жоғары инфляция жағдайында оның нақты кірістілігіне қатысты мәселе туындайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордағы қаражат халықтың игілігіне қызмет етуі керектігін мәлімдеді. Бұл ретте негізгі ұстаным – қаражатты тек жинақтау емес, оның бір бөлігін елдің дамуына бағыттау.
Яғни Ұлттық қор активтерінің белгілі бір бөлігін сақтай отырып, қалған қаражатты әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялау ұсынылады. Мұндай тәсіл жаңа нысандар салуға, экономикалық белсенділікті арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, тиімді жұмсалған әрбір теңге қосымша экономикалық құн қалыптастыра алады.
Қазақстанның энергия жөндеу, жобалау, инжинирингтік компаниялары және энергетикалық жабдық өндірушілері қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов Президенттің Ұлттық қор қаражатын елдегі ауқымды құрылысқа бағыттау жөніндегі ұстанымын қолдайтынын айтты.
«Қазақстанды “үлкен құрылыс алаңына” айналдыру үшін Ұлттық қор қаражатын пайдалану қажеттігі туралы Президенттің пікірін толық қолдаймын. Егер тек бюджетке сүйенетін болсақ, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды салуға ондаған жыл кетуі мүмкін», – деді Сергей Агафонов.
Сарапшының айтуынша, бұл энергетика саласына да қатысты. Мәселен, жаңартылатын энергия көздеріне негізделген шағын генерацияны дамыту үшін «Өрлеу – лизинг» секілді қолжетімді отандық қаржы құралдары қажет.
Оның пікірінше, экономиканы тиімді жаңғырту үшін Үкіметке қосымша ресурстар қажет, ал Ұлттық қор қаражаты осындай қаржы көздерінің бірі бола алады.
Сонымен қатар қаражатты игеру кезінде қазақстандық тауар өндірушілерге басымдық беріліп, оның жұмсалуына цифрлық бақылау орнатылуы маңызды.
Жоспар бойынша 2029 жылға қарай отын-энергетика кешеніндегі нысандардың 70 пайыздан астамын, ал құрылыстағы тиісті объектілерді 100 пайызға дейін цифрлық мониторингпен қамту көзделіп отыр.
Осылайша, Ұлттық қор қаражатын ел экономикасына бағыттаудағы негізгі міндет – жинақтың бір бөлігін сақтай отырып, екінші бөлігін халыққа қажетті әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды дамытуға тиімді пайдалану.