Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Түркістан облысында 16 жастағы қызды зорлап, өлтіріп кеткен. Күдіктінің ұсталғаны хабарланды

13:53, 10 маусым 2025 522

Түркістан облысы Төрткүл ауылында 16 жастағы қызды зорлап, артында өлтірді деген күдікпен бір азамат ұсталды.  Ақпаратты Түркістан облысының полиция департаменті растады, деп хабарлайды Alash.KZ порталы "Азаттыққа" сілтеп.

"6 маусым күні сағат 07:05-те Түркістан облысы Төрткүл ауылында қыздың мәйіті табылды. Ол колледждің 1-курс студенті. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу аясындағы өзге де ақпарат жария етілмейді" деп жазылған полиция жолдаған жауапта.

Марқұм жергілікті дүкенде жұмыс істеген, сол күні үйіне қайтып бара жатқан деген ақпарат бар.

Бұған дейін "НеМолчи" қорының жетекшісі Дина Смайылова әлеуметтік желідегі парақшасында ауыл адамдарының Төрткүлде осы оқиғадан соң интернет пен байланыс өшірілді деген хаттарын бөліскен. Полиция Азаттықтың ауылда интернет өшті ме, неге өшірілді деген сауалын жауапсыз қалдырды.

Интернет пен байланысты шектеу шарасы жанжалдың алдын алу мақсатында жасалған болуы мүмкін. Бұған дейін осыған ұқсас қылмыс оқиғаларынан кейін елді мекендерде дүрбелең болып, күзет күшейтіліп, интернет істемей қалған жағдайлар болған.

Төрткүл ауылы Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласынан 150 шақырым жерде. 2021 жылға есепке қарағанда, ауылда жеті мыңға жуық адам тұрады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар