26 қарашаға қараған түні Алматы қаласының Бостандық ауданында жеке тұрғын үй отқа оранып, салдарынан бес адам, соның ішінде кәмелетке толмаған бір бала көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегіне сәйкес, шұғыл қызметтің 112 пультіне тілсіз жау туралы хабарлама түнгі сағат 03:44-те келіп түскен. Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына небәрі төрт минуттың ішінде жеткенімен, бұл уақытта баспананы қызыл жалын толықтай шарпып үлгерген.
Тілсіз жауды ауыздықтауға төтенше жағдайлар департаментінің мамандары шұғыл кірісіп, жалынды бір сағатқа жуық уақыт ішінде сөндірген:
«Өрт сағат 04:42-де толық сөндірілді. Сөндіру жұмыстарына ТЖД күштері мен құралдарынан жеке құрамның 35-ке жуық адамы және 9 бірлік техника жұмылдырылды», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда оқиға орнынан табылған бес адамның өліміне әкеп соққан өрттің нақты шығу себептері мен барлық мән-жайы тиісті мамандар тарапынан анықталуда.