Еліне, туған жеріне, суына, ауасына, топырағына, бәріне адал туар азаматтар кемде - кем. Бірақ, тумысында Алланың бойына ерекше қасиет беріп жаратқан адамдары болады. Сол қасиетін өз бойына ғана емес, туған жеріне адал жаратып, үлкен пайдасын тигізіп жүрген азаматтың бірі, әлем азаматы – Бақтияр Қожахметов деп білемін. Ол кісінің атын студент шағымызда жақсы естіп өстік. Сонда да, шынымен Отанын, нақтырақ айтсақ, туған жерін соншалықты сүйетіндігін, біздің «Ұлытау» қорық-мұражайына қызметке келгеннен бастап, жақынырақ біле бастадық.
Ұлытау музейінде 2010 жылдан бастап 2021 жылға дейін директорлық қызметін атқарды. Осы аз ғана уақыт ішінде мұражай қызметкерлеріне қол жетпес білім, тәжірибе үйретті. Қысқасы, әріптестері ұстазынан білім алып жүрген шәкірттер,- десем, артық болмас. Әрине, ол кісіден үйренеріміз әлі де көп, дегенмен, өзінің көздеген мақсатына жетпей тынбайтын Бәкең, біздің бойымызға сол қасиетін сіңіре білді. Ол кісі көптеген мықты шәкірттерді өсіріп шығарды. Шәкірттерінің бойында ерекше қасиеті, қабілеті барын білсе, оның әрі қарай ашылуына, өсуіне ықпалын тигізіп, қолдау жасап, аянбай тер төкті. «Ұстаздан шәкірт озады» - демекші, шәкірттері қазір Мәдениет және ақпарат министрлігінде, ЮНЕСКО, National Geographic, музей директоры және т.с.с жоғары лауазымды қызметтерде еңбек етіп жүр.
Шыны керек, алғашында бұл кісіні қиялға берілген арманшыл кейіпкер, - деп ойлаушы едік, бірақ сол қиялы мен арманын ойлаған күннен бастап-ақ іске асырып, бізді біраз таңқалдырды.
1991 жылы түйе керуенімен Ұлы Жібек Жолының бойымен жүріп өткен «Отырар-Ұлытау» және1999-2003 жылдардағы Ұлы Еуразия даласымен Мажарстанға дейінгі «Алтай-Дунай» түйе керуені экспедициялары біз үшін әшейін түс пен қиял сияқты көрінеді. Осы үлкен екі экспедициясында да басқасын айтпағанда, басты мақсат – Ұлытауды дүниежүзіне таныту.
Бәкеңнің көріпкелдігі бар десек жалған емес. Мысалы, 1991 жылы маусым айында, әлі Кеңес дәуірі, еліміз әлі егемендік алмай тұрып, Қазақстанның мемлекеттік рәміздері әлі қабылданбаған кезде Бақтияр Қожахметов. «Отырар-Ұлытау» экспедициясының туы ретінде мәңгілік елдің белгісі бар көк ту алып, оңтүстіктен орталық Қазақстанға дейін алып жүруі (көріпкелдігінен болар), сол заманда батырлық еді. Тек бір жыл уақыт өте 1992 жылы 4 маусымда бірнеше тудың ішінен Үкімет бүгінгі көк туды таңдағаны ғажап емес пе. Ал, өткен айда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Біз - Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз” деп мәлімдеп, Алтын Орданың Еуразия өркениетіндегі орны мен тарихи рөлін ресми түрде бүкіл әлемге жария етті. Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жариялады. Біздің Бәкең бұл идеяларды 1999-2003 жылдары Алтай-Дунай экспедициясының мақсаты етіп Европаға дейін түйемен барып, жүрген жерінде кеңінен насихаттаған болатын.
Ұлытауды дүниежүзіне таныту мақсатында Бәкең музей-қорығында бес жылда алты бағытқа бағытталған «Ұлылыққа тағзым» экспедициясын құрып, қызметкерлеріне үлкен мүмкіндік жасады. 
2010 жылы алғашқы бағытты Қазақстанның оңтүстік өңірінен бастап, әріқарай 2015 жылдың соңына дейін Ресейдің «Челябинск-Арқайым», «Тараз –Жетісу», «Шығыс Қазақстан», «Батыс Қазақстан – Бекет ата» және соңын «Омбы» бағыты бойынша Қазақстан мен Ресейдің көптеген жерлерін жүріп өтті. Экспедиция мүшелері іс-сапарбарысында Ұлытау тарихы жайлы жылжымалы фотокөрмелер өткізіп, ақпарат-құралдарына тарихи мақалалар таратып және телеарналарға сұхбаттар беру арқылы насихат жүргізіп, барған жерлеріне Ұлытауды танытты. Сонымен қатар, дамыған туризм орталықтарымен, тарихи орындармен, мұражайлық әріптестерімен танысып, іс-тәжірибе алмасып, жәдігерлер жинақтап, көптеген игілікті істер тындырды. Ең қызығы, бұл экспедицияның ерекшелігі – қаншама шақырым жерді, тасты, шөлді даланың қиыншылығына төзіп, қарапайым УАЗ- автокөлігімен жүріп өтуі. Себебі, біз бұл төзімділік қасиетті сол басшымыздан үйрендік емес пе…
Ал, 2015 жылы бес жылға жоспарланған ірі «Ұлы Еуразия» бағдарламасы аясында «Алтай белгісі ізімен» атты автокөлік экспедициясынұйымдастырып, Ресей, Беларусь арқылы Европаның 12 мемлекетін аралап, европалық христяндардың қолданып жүрген крестін «Тәңірдің белгісі» екеніне дәлелдемелер тауып келді.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, «Ерлікке тағзым» экспедициясын ұйымдастырып, мұражай көлігімен қызметкерлерін алып, Ұлытаудан Арқалық, Қостанай қалалары арқылы, Челябі, Уфа, Қазан, Мәскеу қалаларын басып, Ұлы Новгород облысы Демян ауданы Лычково ауылына іс-сапар жасап қайтты. Сонау алыс сапарды ұйымдастыруының мақсаты, Ұлы Отан соғысында отан үшін от кешіп, майданда қаза болып, белгісіз кеткен ұлытаулық жерлес жауынгерлердің қаза тапқан жерлерін анықтап, туған жерінен арнайы ескерткіш тас қою болды. Ұлытаудан төрт мың шақырым жерге қарапайым көлікпен барған бұл іссапарды шынымен үлкен ерлікке бағалау артық болмас... Айта кететін жай, ресей шекарасына өткелі тұрғанымызда, кеден қызметкері көлігімізге қарап,: «Зачем вы едете в Россию?» - деген сұрағына Бәкең: «На парад участвовать» - деп қалжыңдап еді, әлгі кеденші басын шайқап: «А, по солиднее машины не было?» - демесі барма. Сонда ойланбастан өзіне және көлігіне сенген басшымыз: «Нет, машина наша никогда нас не подводила» - деп салмақты жауап берді. Себебі, ол кісі біржағынан әруақтардың қолдайтынына сенсе, екіншіжағынан қай істі атқарса да шын ниетіменатқарылған іс еш кедергісіз өз жемісін береді, - депсенеді. Іс-сапар барысында Мәскеулік жауынгер ұрпағы, қария Нина Максимқызы Бақтияр ағамыздың осындай игі істі ұйымдастыруына, жауаптылығына таңқалып, «Вы, великие молодцы!» - деп, алғысы мен ризашылығын білдіргеніне куә болдым.
Сонымен қатар, ол кісінің бастамасымен, осы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, «Ұлытау» музей-қорығы тағы бір үлкен игі іс атқарды. Ол «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, соғыстан аман-есен ауылға оралып, кейін қайтыс болған аталарымыздың зираттарына бір үлгімен «Ұлы Отан соғысының ардагері» - деген жазуы бар тас белгі орнату болды. Бұл іс арқылы кейінгі ұрпаққа Ұлы Жеңісті алып беріп, бейбітшілік сыйлаған аталарымыздың әруағы разы болсын дегені шығар.
Бақтияр Сапарбекұлы өз қызметкерлерін еліміздің басқа аймақтарында, сондай-ақ, Қырғызстан, Ресей, Грузия мемлекеттерінде өткен халықаралық семинар-конференцияларға жіберіп, білім-тәжірибелерін жетілдірді. 
Музей археологтарына Ресейлік және Ә.Марғұлан атындағы Алматы археология институты мамандарымен бірлесіп, Талдысай кен орны тұрағы, Басқамыр, Тоқтауыл тұрағы, Айбас дарасы және т.б.тарихи орындарға зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырып отырды. Ал, музейдің архитектура бөлімінің (бұрынғы атауы) қызметкерлеріне сәулет өнері ескерткіштерін қайта жаңғыртуды үйрену үшін, Қызылордадағы Сығанақ ортағасырлық қаласының медресе-мешітінің, Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешітінің жаңғырту жұмыстарына және Түркістандағы реставрациялық орталықтан кірпіш күйдіру әдісін үйренуге іс-сапарға жіберіп тәжірибе алуға қолдау жасады. Нәтижесінде: Сауқым мазары, Қонысбай мешіті және Жошыхан кешені ескерткіштеріне қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, 2011 жылы музей жанынан қайта жаңғырту ұстаханасын ашып, онда ескеркіштерге арналған темір қоршау шарбақтары және қорғау тақталары жасалынып, Келінтам, Талмас ата, Шотқара, Басқамыр, Хан аралы, Аяққамыр ескерткіштеріне абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Ол кісі Ұлытауға келгелі бері Әулиетау мен Ембұлақты аузынан тастамайды.
Астанада қызметі, Қарағандыда үйі бола тұра, бәрін тастап, жерұйықты іздеп, дала кезгенАсанқайғы бабамыз сияқты, қайтсем де Ұлытауымақызмет етемін,Ұлытаудың дәрежесін көтеремін - деп ауылға алғаш келгенінде Әулиетаудың етегіЕмбұлақтың жағасына киіз үй тігіп, қысқа дейінотырғаны, көрген адамға біртүрлі оғаш көрінгенірас.
Үйім жоқ демей, керісінше Әулиетаудың қасиетіқолдап, сол жерге Тағзым үйін салуды ұйғарды. 2010 жылы оның шаруашылық кешені салуғадемеушілер тартып, құрылысын бастап та кетті. Сол жылы қазақстандық белгілі археолог, профессор В.Ф.Зайбертті арнайы шақыртып, Әулиетау етегіне кешенді зерттеу жұмыстарынжүргізуді ұйымдастырды.
Бақтияр Сапарбекұлы Әулиетауды зерттеп, насихаттап, әлем тауларымен салыстырып, біразшет елдерді аралап, олардың тауларынан кем түспейтінін дәлелдеу үшін, сондай-ақ, Ұлытау тауының әлемдік деңгейде екендігін анықтауғааянбады және оған көзі жетті десе де болады. Осы іздену барысында Бәкең алты Ұлытау тауы бар екенін анықтап, аралап (Саха, Тыва, Хакасия Қазақстан, Қабардин-Балқар, Түркия) олардың түркі өркениетіндегі орны ерекше екеніне көзі жетті.
Арманшыл жанның үлкен армандарының бірі - Әулиетау етегінен үлкен дәстүрлі туристтік нышансалу болды. Өйткені қасиетті Ұлытауға келушілер, көруді армандайтындар өте көп. Туристтерді тартуүшін, ашық аспан астындағы: Алашахан, Жошыхан, Домбауыл және т.б. құнды тарихиескерткіштеріміз баршылық. Бірақ, өкінішке орай, олардың шалғай орналасқандығы және жолыныңкелушілерге қиындық туғызатыны бәрімізді де қынжылтады. Ал, Әулиетауға келушілер саны жылдан жылға өсіп келеді. Сондықтан Бақтиярағамыз армандаған құрылыстың салуына аянбайеңбек етті.
2016 жылы ҚР Премьер-министрі, ҚҰГҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы К.Қ.МәсімовтіңҰлытауға келуін ұйымдастырған. Ол кісі тарихиескерткіштерді аралап, Әулиетау етегінде киіз үйдеөткен мәжілісте бірнеше министрліктіңқатысуымен қасиетті жерімізге туризмді дамытуғаүлес қосу жөнінде үлкен мәселелер қаралды. Бұлмәжілісте Бақтияр Сапарбекұлы өз баяндамасындатуристтік нышан салу және Ұлттық табиғи парк ашу туралы ұсынысын жеткізді. Сол ұсыныстыңнәтижесінде Ұлытау сапар-орталығы (2020 жыл) және Ұлттық табиғи паркі (2021 жыл) ашылды.
Бәкеңнің және ол кісіні жақсы білетіназаматтардың айтуынша, бала кезінен арманы асқақболып өскен екен. Сол арманын қалайда орындауүшін, бозбала шағынан көп ізденіп, бірте-бірте іскеасырып келеді. Ол үлкен арманы – туған жеріҰлытауға қызмет ету, сонымен қатар, көркейтуге, бар әлемге танытуға күш-жігерін, білімін жұмсауекен.
Бақтияр Сапарбекұлы өзінің туып өскен ауылдарыШеңбер мен Терісаққанды да жадынан тысқалдырған емес.
2006 жылы Терісаққан ауылында өз қаражатынанжәне ауыл тұрғындарының үлесімен мешітсалдырды. Мешіт құрылысының ерекшелігі – күмбезі кварц тасымен қапталып, қабырғасы иранкірпіштерімен өрілген, ал, атауы латыншаәріптермен жазылған. Бұл құрылысты салған, әріптесіміз Қотырашов Сәрсенбай аға оң қолынанөнер тамған, алтын қолды азамат.
Бақтияр ағамыз туған жері Шеңберге жыл сайын 9 мамыр Ұлы Жеңіс мерекесінде арнайы өткізілетінұлттық «Атжарыс» ойынын тамашалап, фото-бейнекамераға түсіріп, баспасөз ақпарат-құралдарынажариялап отырады. 2021 жылы 4 сериалды бейнефильмнің 1 сериясын түсіріп ютуб арқылыкөрермендерге ұсынды. «Тарихы терең Қорғасын» (автор Б.Шайгозова) атты кітабының жарықкөруіне себепші болды. Ал, Терісаққанда 2012-2016 жылдар аралығында кезең-кезеңімен «Терісаққан көктемі» - атауымен этнофестиваль өткізуді ұйымдастырды. Терісаққан - Ұлытау орталығынан 130 км жерде алыс орналасқан және жолы да көлік жүруге қолайсыз. Бірақ, ауыл тұрғындары өз ауылын қадірлеп, мал шаруашылығын, әсіресе жылқы малын дамытып, ұйытып отыр. Қарапайым шағын ғана ауылда небәрі 50-60 ошақ түтін түтетіп отыр. Ауыл тұрғындарының ерекше бір қасиеті – ғасырлар бойы, барлығы ұйымшылдықпен бір кісідей 1-ші мамыр күні бие байлап, сол күнді көктемнің алғашқы мерекесіне айналдырған. Туған жерінде туризмді дамыту мақсатында, осы ұлттық дәстүрді насихаттап, дүние жүзіне танытудағы Бақтияр Сапарбекұлының ұсынысын қолдап, музейліктер этнофестивальді 5 жыл бойы іске асырып келді. Өткізілген іс-шараға алғашында республика көлемінде журналисттер, одан соң АҚШ, Франция, Польша, Бахрейн, Ресей, Украина, Қырғызстан мемлекеттерінен және отандық туристтер, ал кейін ЮНЕСКО ұйымының өкілдері қатысып, таң қалысып, үлкен баға беріп, зерттеп, «Қазақфильм» киностудиясымен деректі фильм түсірді. Нәтижесінде, аталмыш дәстүрлі ісшара 2018 жылдың мамыр айында еліміздің материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізілсе, сол жылдың желтоқсан айында Маврикийде (Африка) өткен ЮНЕСКО-ның 13 сессиясында қорғалып, дүниежүзілік тізімге енді. Ол, Ұлытау және Терісаққан халқы үшін, баға жетпес қуаныш емеспе... Аталған фестиваль кейіннен Ұлытауда аудан әкімдігімен «Көкмайса» атауымен жылда дәстүрлі жалғасып келеді. Ал, Бақтияр Сапарбекұлы осы «Көкмайса» этнофестивалін республиканың барлық өңірінде, яғни, Қазақстан бойынша жыл сайын өткізу үшін, әр жердің әкімдерімен келіссөздер жүргізіп, ұйымдастырып жүр. Нәтижесінде, Ақмола облысының Ерейментау, Қорғалжың, Атбасар, Стерногорск аудандарында, Павлодар облысының Шарбақты ауданында, Қарағанды қаласында өтуіне себепші болды. Себебі, алғаш рет атты қолға үйретіп, бие сауып, қымызды алып келген қазақстан, сондықтан бұл біздің ұлттық дәстүрлі мерекеміз болып, белгіленуі керек» - дейді Бәкең. Қымызға қатысты ол кісінің үлкен арманы бар. Ол - болашақта түркі халықтары өкілдерінің қатысуымен Дүниежүзілік «Қымыз мерекесін» ұйымдастыру. Сол мақсатты орындау жұмыстарын бастап та кетті. 2022 жылы Саха еліне барып қымыз мерекесіне қатысты. 2023 жылы Омск(Ресей) және Анкара(Түркия) қаласында қымыз мерекесінің өтуіне себепші болды. Қазір Моңғолиядағы Баян-Өлгей және Ресейдің бірнеше өлкелерімен келіссөз жүргізуде.
2015 жылы «Ұлытау» музей-қорығының бастамасымен және аудан әкімдігінің қолдауымен, қазақ хандығының 550-жылдығына байланысты, «Ұлытау - ұлт ұясы» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияға ресейлік және отандық тарихшы ғалымдар қатысып, тарихи ғылыми тақырыптарын ортаға салды. Ал, 2018 жылы материалдық емес мәдени мұра жөнінде халықаралық семинар өтіп, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің ЮНЕСКО ұйымының өкілдері қатысты. Мұндай халықаралық іс-шара ауыл тарихында алғашқы өтіп еді. Бақтияр Сапарбекұлының ықпалымен, жан-жақты келісімімен Ұлытауға туристтерді тарту мақсатында музей қызметкерлері Лондон (Англия. 1917ж), Барселона (Испания. 2018ж), және Токио (Жапония. 1918ж) мемлекеттерінде өткен халықаралық туристтік көрмелерге қатысып, Ұлытауды насихаттап келді.
Ұлытауды насихаттаудың тағы бір шара – ол қасында жүрген темір ұста Сәрсенбай Қотырашов ақсақалдың арманына қолұшын беру еді. Ақсақал 72 жаста қазақстанның түпкір-түпкірін, 73 жасында Астрахань, Шешестан, Ингушетия, Осетия, Түркияны (Анкара, Стамбул), 74 жасында Ресейдің Алтай өлкелері, Моңғолия, Қытай(Бейжің), ал 76 жасында, яғни биыл 2026 жылы Еуропа(Сербия, Австрия, Венгрия, Германия, Франция) елдерін жаяу аралап, Ұлытау өңірінің дамуына өз үлесін қосып жүрген шебер ұста, Сәрсенбай ақсақалға қолдау көрсетіп, алда Америкаға сапар жасауына барынша көмек қолын беріп, жомарттық жасап жүр. 
2021 жылы Бәкең осынша ұлттық құндылықтарды сақтап қалуда жасаған көптеген еңбектерінің нәтижесінде «Ұлы тағзым» қоғамдық қорының төрағасы ретінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра комитетінің сарапшысы болып сайланған.
Бақтияр ағамыз мұнымен тоқтап қалмай, киелі де сұлу өлкеміз Ұлытаудың болашағы үшін ауданның табиғи жерлерінен геопарк ашылуын қолға алып, тынбай еңбек етіп, жоғарғы жақтарға ұсынысын білдірген. Нәтижесінде, 2025 жылдың 29 мамырында «Ұлытау облысында «Ulytau» геосаябағын құру жобасына қолдау білдіру» туралыөкімге облыс әкімі қол қойды. Сөйтіп, ол кісініңжоспары іске асып, «Ulytau» геосаябағы құрылатынболды.
Бақтияр Сапарбекұлының осы уақытқа дейін ел үшін атқарған елеулі еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Құрмет» ордені, ҚР Президентінің, ҚР Премьер-Министрінің бірнеше алғыс хаттары, «Мәдениет саласының үздігі», «Туризм саласының үздігі» төсбелгілері және т.б. көптеген марапаттарға ие болып келеді. Сонымен қатар, ол кісі Ұлытау ауданының «Құрметті азаматы».
Жалпы, Бақтияр ағамыздың 1990 жылы «Ұлытау» музей-қорығының, 2021 жылы «Ұлытау» ұлттық табиғи саябағының, 2022 жылы Ұлытау аудандық өлкетану музейінің, 2025 жылы «ULYTAU» геопаркінің ашылуына себепші болғаны жөнінде көпшілік те, құжаттар да куә.
Осынша күрделі еңбек жасап жүрген ағамыз бүгін де 64-тің белесіне келіп қалыпты. Бақтияр Сапарбекұлын өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға деп білеміз. Ол кісіге осы мерейлі жасына асқақ армандарыңыз орындалып, мақсаттарыңызға жете беріңіз, ғұмырлы болыңыз! – демекпіз.
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының ғылыми қызметкері Баян Шайгозова